Астанада тағы бірнеше вандал жауапқа тартылды

4 Наурыз, 21:57 590

Елордада вандализмнің кез келген жағдайымен күрес жүріп жатыр. Жыл басынан бері сот бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы пайдалану орындарын ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін 72 адамды жауапқа тартты, оның ішінде 32 адамға айыппұл салынды, 40 адам қамауға алынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мәселен, түнде мас астаналық бұзақылық ниетпен қаладағы қонақ үйлердің бірінің есігін теуіп, сындырып кеткен. Материалдық шығын 80 мың теңгені құрады. Ол 5 тәулікке қамауға алынды.

Тағы бір жағдайда, Керей-Жәнібек хандар көшесінде 28 жастағы астаналық мас күйінде шағын базардың жабдықтары мен тауарларын сындырып, сатушымен жанжал шығарды. Оған 69 мың теңге айыппұл салынды. Осындай оқиға Потанин көшесінде болды, онда 24 жастағы қала тұрғыны мас күйінде кафенің жарнамалық белгісін әдейі бүлдіріп кеткен. Әйел адам 5 күнге қамауға алынды.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны, тіл тигізіп, қорлағаны, ғимараттар мен өзге де құрылыстарды, қоғамдық пайдалану орындарын бүлдіргені және қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзатын басқа да осындай әрекеттер үшін 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жаза қарастырылғаны ескертіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы жүріп жатыр. Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, халық арасында қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жүргізіледі.

Зарина Арман
Бөлісу: