Астанада тағы бір кітапхана ашылды

17 Қазан, 17:19 391

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов пен мәслихат депутаты Бауыржан Қасымбергебаев №8 көпшілік кітапханасын салтанатты түрде ашты, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты жаңа кітапхана Ш.Қосшығұлұлы көшесі, 8/2 мекенжайында орналасқан.

Кітапхананың салтанатты ашылуына мәдениет саласының өкілдері мен кітапхана қызметкерлері де қатысты. Нысанның ашылу барысында келушілер кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты.

Кітапхана – білім ордасы. Бұл жерде әр адам өзінің жеке дамуына көңіл бөліп, білімін арттырады. Кітапхана халқымыздың әдеби, мәдени және рухани дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

Өткен жылы елорда әкімдігімен бірлесіп, мәслихат «Астананың кітапхана жүйесін дамытуға арналған кешенді жоспарын» әзірлеп, бекітті. Осыған дейінгі 18 кітапханамызға күрделі жөндеу жасап, жаңа форматта реформаладық. Міне, осы уақытқа дейін 3 жаңа кітапхана ашылса, тағы бір кітапхана өзінің ашылу кезегін күтіп тұр. Келесі жылы да кітапханалар санын одан әрі көбейтуді қолға алмақпыз. Оған қоса кітап қорын көбейту – негізгі мақсатымыз. Кітап болғасын, ол қағаз жүзінде болу керек. Компьютердегі кітапты оқыған қағаз кітапты оқығандай болмайды. Бұл екеуін адамның қабылдауы да бөлек, одан алар сезімі де басқаша, - деді Ерлан Каналимов.

№8 көпшілік кітапханасының кітап қоры көркемөнер әдебиеті, энциклопедия және салалық әдебиеттен – барлығы 5 мыңнан астам кітаптан құралған. Кітапхана 18 жастан жоғары оқырмандарды қамтиды.

Шара аясында Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрылғанына 50 жылдық мерейтойы және Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты мекеменің жас маман кітапханашылары арасында өткен «Мен таңдаған мамандық – кітапханашы» атты байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов пен мәслихат депутаты Бауыржан Касымбергебаев жеңімпаздар мен қатысушыларға жүлделерін табыстады.

Шығармашылық байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды кітапханалық процестерді автоматтандыру қызметінің маманы Архат Абылғазин, екінші орынды №7 кітапхананың аға кітапханашысы Гаухар Жұмқазиева, ал бірінші орынды көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған арнайы кітапхана меңгерушісі Абдусамат Қуантай иеленді. Гран-при мен Дубайға жолдаманы №1 балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлкен Ахметова жеңіп алды.

Өзге де байқауға қатысушыларға сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді.

Айта кетейік, қаланың кітапхана желісі 22 кітапханадан тұрады, олардың арасында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да бар. Қалалық желінің кітап қоры 800 мыңға жуық дананы құрайды. Мәселен, қазіргі уақытта кітапхана қорына берілген кітаптар саны өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты, бұл оқырмандардың өсуіне де айтарлықтай әсер етті.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: