17.03.2026
17:09
214

Астанада студенттер арасында Наурызнамаға арналған айтыс өтеді

Астанада 19 наурыз күні жас таланттардың басын қосатын «Наурыз айтыс» қалалық жас ақындар айтысы өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ауқымды мәдени іс-шара Астана қаласының әкімдігі және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылмақ. Айтысқа елордадағы жоғары оқу орындарынан іріктеліп шыққан 14 жас ақын қатысып, сөз сайысында өз шеберліктерін көрсетеді.

Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық өнерді насихаттау, жас ақындарды қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту. Айтыстың ашылу салтанаты мен қорытынды кезеңіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай және Ерлан Сыдықов қатысады деп жоспарланған.

Жобаның жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы.

Айтыс тақырыптары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдан бері аталып өтетін «Наурызнама» онкүндігі аясында белгіленеді.

Қатысушылардың өнеріне белгілі айтыскер ақындар – Өміржан Көпбосын, Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев және Мейірбек Сұлтанхан қазылық етеді.

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады. Бас жүлде иегері арнайы сыйлыққа ие болса, І, ІІ, ІІІ орын алған қатысушыларға да жүлделер табысталады. Сонымен қатар бірқатар арнайы номинация қарастырылған.