Астанада шағын маркет мүлкін сындырған адам қамауға алынды

20 Ақпан, 18:08 620

Астанада мас күйде жасалған бірқатар вандализм оқиғасы тіркелді. Бұл туралы қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сонымен, 11 қаңтарда сағат 02:50-де елорда тұрғыны мас күйінде бөлменің есігін тепкілеп, «Кинг Отель» қонақ үйінің мүлкіне зақым келтірді. Материалдық шығын 80 мың теңгені құрады. Ол бес күнге қамауға алынды.

Сондай-ақ 20 қаңтар күні сағат 02:30-да Керей-Жәнібек хандар, 12/1 мекенжайындағы шағын маркетте 28 жастағы әйел адам мас күйінде сатушымен жанжал шығарды. Осыдан кейін шағын маркеттің жабдықтары мен тауарларын сындырған. Осы әрекеті үшін 20 АЕК (69 мың теңге) айыппұл салынды.

Осыған ұқсас оқиға 4 ақпанда, сағат 12:30 шамасында Потанин көшесі, 3 мекенжайында болды. 1999 жылы туған тұрғын мас күйінде «Шербет» кафесінің жарнамалық белгісін әдейі бүлдірген. Шығын 100 мың теңгені құрады. Әйел адам бес күнге қамауға алынды.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы өтіп жатыр.

Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, сол сияқты халық арасында қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жүргізіледі.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: