Астанада сарапшылармен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселесі талқыланды

19 Қыркүйек, 03:33 449

Астанада киберқылмысқа және ақпараттық–коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеу бойынша ведомствоаралық үйлестіру тобының отырысы өтті, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Отырысқа халықаралық және қазақстандық сарапшылар, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің өкілдері қатысты.

Өткен жылдан бері біз ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі және мемлекеттік органдармен бірлескен жобаны іске қостық. Ол киберқылмысқа қарсы тиімді саясатты әзірлеуге бағытталған. ІІМ жанынан ведомствоаралық топ құрылды. Кешенді жоспардың жобасы дайындалды, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев.

Жалпы жоба кешенді тәсілді көздейді және үш негізгі бағытты қамтиды: заңнамалық, құқық қорғау органдарының білім беру жүйесіне кешенді және тұрақты тәсілді енгізу, сондай-ақ халықты ақпараттандыру.

ІІМ-ге ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл ведомствоның қызметкерлері киберқылмыспен тұрақты күрестің алдыңғы шебінде. Олардың осы қылмыстарды тергеуде және қылмыскерлерді жауапқа тартуда қандай қиындықтарға тап болатынын білеміз, – деді Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарт.

Киберқылмыстар трансшекаралық сипатқа ие және бүкіл әлемде кең таралған. Қазақстанда 8 айда интернет–алаяқтықтың 13 мыңнан астам фактісі тіркелген.

Ішкі істер министрлігі осындай қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша ұйымдастырушылық–практикалық шаралар кешенін қабылдауда. Мүдделі мемлекеттік органдармен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлер арқылы шетелден жасалатын қоңырауларға техникалық тосқауыл қойылды. Байланыс операторларының дерекқорларын интеграциялау басталғаннан бері 58 миллионнан астам қоңырау бұғатталған (2022 жылдың қарашасынан). Бұдан өзге кездесуде киберқылмысқа қарсы күресте жеке сектормен өзара іс-қимыл, халықаралық ынтымақтастық, жаңа қауіп-қатерлерге тосқауыл қоюға қабілетті кадр даярлау мәселелері талқыланды.

Зарина Арман
Бөлісу: