Астанада Республика күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

18 Қазан, 21:14 464

25 қазан күні елімізде Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі. Олардың арасында мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған көрнекті нысандар бойынша экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шаралар бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шаралар орталық алаңдарда да, ірі нысандарда да, тұрғын алаптарда да, білім беру ұйымдарында және т.б. өтеді, сондай-ақ Республика күні қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам азық-түлік себеттері таратылатын болады.

Мереке аясында елордада және әрбір ауданда түрлі саланың еңбек сіңірген қызметкерлері, еңбек ардагерлері, белсенді азаматтары марапатталады.

Бұл күндері білім беру ұйымдарында дөңгелек үстелдер, пікірталас турнирлері, көрмелер, танымал тұлғалармен кездесулер, конференциялар, шығармашылық конкурстар, эсселер мен оқырмандар конкурстары өткізіледі.

19 қазан күні сағат 9.00-де Сарыарқа ауданында «Koktal Run» жүгіру марафоны ұйымдастырылады. Оған жеңіл атлетикамен айналысатын әрбір тұрғын қатыса алады. Марафон соңында балалар мен ересектер арасында 1-2-3 орын алған қатысушыларды марапаттау өтеді. Марафон жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне грамоталар, медальдар мен бағалы сыйлықтар ұсынылады.

Сол күні сағат 18:00-де Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Ұлы шеберлер мұрасы» үрмелі оркестрінің мерекелік концерті өтеді.

21 қазан күні сағат 10:00-де Есіл ауданының ұйымдары арасында «Аспан» СК волейболдан жарыс өтеді.

23 қазан күні «Жастар» сарайында сағат 19:00-де Республика күніне арналған «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблінің «Атамекенім» мерекелік концерті өтеді.

Сол күні Сарыарқа ауданында Юбилейная көшесі, 22 және Жеңіс даңғылы, 34 бойынша бұрынғы бос орында жаңа қоғамдық кеңістік ашылады. Сондай-ақ, Қосшығұлұлы көшесі, 17 және 19 аулаларының абаттандырылуына арналған мереке өтеді.

25 қазанда сағат 15.00-ден 16.30-ға дейін орталық алаңда және елорда саябағында қазақ эстрадасының жұлдыздары мен би ансамбльдерінің қатысуымен мерекелік концерттік бағдарламалар өтеді. Іс-шара барысында «гір көтеру», «асық ату», «қол күрес» және т.б ұлттық ойындар да өткізіледі.

25 Қазан – Республика күні Қошқарбаев, 29/1 мекенжайы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қарттар арасында дойбыдан жарыс өтеді.

25-26 қазан күндері Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында сағат 19:00-де автор Мұхтар Шахановтың қатысуымен «Танакөз» спектаклінің премьерасы өтеді.

Ал 26 және 27 қазанда сағат 19:00-де жас көрерменнің музыкалық театрында «Гаухартас» спектаклі көрсетіледі.

Зарина Арман
Бөлісу: