Астанада «Қызжылаған» қойылымының премьерасы өтті

24 Қазан, 18:10 595

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында «Қызжылаған» атты драма жанрындағы қойылымның премьерасы болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш спектакль Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасы желісінде қойылды.

Суреттер: El.kz/Ажар Лаубаева

Роза Мұқанованың сөзінше, аталған пьеса қазақ халқының басынан өткізген трагедиясын, жаны таза Қарауыл тұрғындарының жапа шеккен тағдырын баяндайды.

Шығарманың жазылғанына отыз жыл болды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударылды. Осыдан екі жыл бұрын бір немістің жас ғалымы мені көру үшін қазақ тілін үйреніп, Қазақстанға келіп кетті. Сөйтіп менен сұхбат алып, үлкен мақала жазып шықты. Кеше ғана бұл шығарма туралы Түркияда да монографиялық ғылыми еңбек шықты. Шығарманың өзі ауыр болғанымен, көрермен жолын жеңілдетті, - дейді жазушы-драматург.

«Қызжылаған» Семей полигоны зардабынан мүгедек болып, есеймей қалған Ләйлә есімді қыздың тағдырын көрсетеді. Қойылымда кейіпкердің кіршіксіз таза көңілі, жалғыздығы, анаға деген сағынышы, досына деген махаббатын бейнеленейді. Оның басынан кешкен оқиғалары әрбір көрерменді бейжай қалдырмағаны анық.

Суреттер: El.kz/Ажар Лаубаева

«Қызжылаған» жас режиссер Абзалбек Максимнің режиссерлік шешімімен ерекшеленіп, сахналанды.  

Сурет: El.kz/Ажар Лаубаева

Роза апай екеуміз пьесаға көптеген өзгерістер енгіздік. Біз ең алдымен адами құндылықтарға назар аудардық. Жаңадан түрлі сахнаны қостық. Қойылымға өзгеше леп әкелдік деп ойлаймын, - дейді режиссер.

Қойылымда сегіз жас актер бой көрсетті.

Барлық артист арнайы іріктеу кезеңінен өтті. Басты кейіпкерді театрдағы қыздарға Ләйләнің монологын оқыту арқылы таңдадық. Спектакльге 40 күннен астам уақыт дайындалдық, - деді ол.

Абзалбек Максим алғаш рет үш жасында Роза Мұқанованың пьесасын режиссер Болат Атабаевтың саханалауымен тамашалған. Сол себепті де «Мәңгілік бала бейне» оның жадында мәңгілікке сақталып қалмақ.

Болат ағамыздың қойған спектаклі шоқтығы биік туынды. Онда Ләйләнің болмысы толық бейнеленген болса, біз үш кейіпкердің, яғни Ләйлә, Құмар, Болтайдың мінез-құлқын толық ашуға тырыстық, - деді режиссер.

Суреттер: El.kz/Ажар Лаубаева

Абзалбек Максим «Қызжылағанды» осымен екінші рет қайталап қойып отыр. Бұл қойылым бірінші рет «Қанаттылар» инклюзивті театрында сахналанған.

Режиссер қойылым алдағы уақытта көрерменнің көңілінен шығады деген пікірде.

Әрбір режиссер, актер, өнер иесі қойылымын сахналаған кезде көрерменнің ықыласына бөленгісі келеді. Көрермен жылы қабылдайды деп ойлаймын, - деді Абзалбек Максим.

Актриса Айдана Жетешова басты кейіпкер Ләйләнің рөлін сомдау қиын болғанын айтады.

Сурет: El.kz/Ажар Лаубаева

Театрға жұмысқа тұрғалы бері комедия жанрындағы рөлдерді ғана ойнадым. Сол себепті де Ләйләнің образын шығару маған қиынға соқты. Шығарманың өзі ауыр. Кейіпкердің жай-күйін өзіңнің бойыңнан өткізу, оны көрерменге жеткізу оңай жұмыс емес, - деді актриса.

Айдана Жетешова қойылымның мәтінінің сөзін жаттауда біраз тер төккен.

Кейіпкерімнің аймен сырласатын сахналары, құлаш-құлаш монологтары бар. Оны жаттау оңай болмады. Екі ай қатарынан дайындалдық, десе де ол уақыт аздау болған сияқты, - дейді ол.

Осылайша қойылымдағы Ләйләнің рөлін Айдана Жетешова ойнаса, Қатираны Асылзада Ахметкалиева, досы Құмарды Алмаз Абденов, Пысықайды Жанғали Темірғалиев, Шөкішті Ақниет Замзат, депутатты Айдос Амандық, Болтайды Мағжан Омар, Қатшаны Майра Омар шебер сомдап шықты.

Премьераны тамашалауға Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, кино және театр актрисасы Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актер Нұрлан Өнербаев, ҚР Еңбек сіңірген артисі Светлана Айтбаева келді.

Сурет: El.kz/Ажар Лаубаева

Кешегі Кеңес заманында бұл тақырып жабулы болды. Тәуелсіздік алған жылдардың басында да бұл мәселе айтылмады. Енді ғана тарихтың шынайы беті ашыла бастады. Қанша спектакль көріп жүрсем де бүгін көз жасыма ерік бердім. Бұл қойылым, сахнадағы өнерпаздардың кейпі көрерменнің әрқайсының жүрегіне жетті деген ойдамын, - деп Нұрлан Өнербаев қойылымнан кейінгі өз әсерімен бөлісті.

Сурет: El.kz/Ажар Лаубаева

Қойылымның соңында сахнада театр артистері көрерменнің жылы лебізіне бөленді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: