02.04.2026
16:29
123

Астанада «Қызыл Жизель» алғаш рет сахналанды

Елордада сәуір айы ерекше мәдени оқиғамен басталды. Борис Эйфманның Санкт-Петербург академиялық балет театры гастрольдік сапармен келіп, көрерменге «Астана опера» сахнасында «Қызыл Жизель» қойылымын ұсынды. Премьералық көрсетілімдер 1-2 сәуір күндеріне жоспарланды.  

1 сәуір күні өткен қойылым алғашқы минуттардан-ақ көрерменді өзіне тартып әкетті. Залдағы атмосфера мен сахнадағы әрбір қимыл ерекше әсер қалдырды. Бұл туынды классикалық балеттен гөрі терең психологиялық мазмұнымен ерекшеленеді.

Оқи отырыңыз:

«Қызыл Жизель» – тағдыры ауыр балерина Ольга Спесивцеваға арналған қойылым. Революция, эмиграция, жеке өмірдегі күйзеліс пен рухани дағдарыс – барлығы сахнада әсерлі жеткізілген. Айта кетерлігі, балеттің жаңа нұсқасы былтыр толық жаңартылып, декорациясы мен хореографиясы түбегейлі өзгерген.

Қойылым барысында көрерменнің эмоциясы айқын байқалды. Соңындағы драмалық көріністер залға ерекше әсер етті. Көрермен ұзақ уақыт бойы қол шапалақтап, өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Тіпті кейбірі әсерге беріліп, көз жасына ерік берді.

Премьерада басты партияны театрдың жетекші солисі Виктория Мокроусова орындады. Ол – Қазақстанда дүниеге келген өнер иесі. Сондықтан бұл кеш оның үшін ерекше маңызға ие.

Балерина туған жерінде өнер көрсету әрдайым ерекше әсер сыйлайтынын айтты.

Фотода Виктория Мокроусова

Кез келген гастроль – тәжірибе. Ал туған елде өнер көрсету – мүлде бөлек сезім. Бұл мен үшін өте қуанышты сәт, – дейді ол.

Оның айтуынша, «Қызыл Жизель» – физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да ең ауыр қойылымдардың бірі.

Бұл рөлден кейін толықтай босап қалғандай күй кешемін. Себебі кейіпкердің тағдырын сахнада бастан өткеру оңай емес. Бұл – әрі физикалық, әрі моральдық тұрғыдан ең күрделі партиялардың бірі, – дейді балерина.

Сондай-ақ ол хореографтың әр қимылға ерекше мән беретінін атап өтті.

Біз сахнада жай қозғалып қана қоймаймыз. Әрбір қимыл, әрбір көзқарас нақты эмоцияны жеткізуі керек. Сол арқылы көрерменмен байланыс орнайды, – деді әртіс. 

Ал 2 сәуір күні сахнаға шығатын жетекші солист Артем Лепков қойылымдағы Комиссар партиясын орындайды. Балет әртісі елордаға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

Фотода Артем Лепков

Астанаға екінші рет келіп тұрмын. Өте әдемі, заманауи қала. Келесі жолы мұнда қыдырып келгім келеді, – дейді ол.

Оның айтуынша, Эйфман қойылымдарының басты ерекшелігі – эмоция мен энергия.

Балетте әрбір қимыл маңызды. Көрермен кейде ұсақ детальді байқамауы мүмкін, бірақ сахнадан берілген энергияны міндетті түрде сезеді. Сондықтан біз сахнада бар күшімізді саламыз, – дейді әртіс.

Комиссар образы да күрделі трансформациядан өтеді.

Бастапқыда ол суық әрі қатал кейіпкер болады. Бірақ уақыт өте келе оның ішкі әлемі ашылады. Соңында ол өз сезімі үшін бәріне барады. Бұл – драмалық тұрғыдан өте қызықты партия, – дейді Артем Лепков.

Айта кетейік, Борис Эйфманның Санкт-Петербург академиялық балет театрының «Қызыл Жизель» спектаклінің премьерасы бүгін де өтеді. Ал ертең, 3 сәуірде, «Күнәнің ар жағында» балетін тамашалай аласыздар.