Астанада ҚХА мүшелері Президенттің халыққа Жолдауын талқылады

6 Қыркүйек, 03:35 436

Астанадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президентінің Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламентінің депутаттары, МАМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің, ҚХА қоғамдық құрылымдары мен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты.

Кездесуде Ғалым Шойкин биылғы Жолдауда айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарларымен бөлісе келе, қоғамдағы ашықтық пен толеранттылықты нығайту, этникалық, тілдік, әлеуметтік және басқа да белгілері бойынша азаматтарға қысым көрсетпеу, түрлі арандатушылық әрекеттерді болдырмау, азаматтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ету, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, тарихымыз бен мәдениетімізге құрметпен қарау мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ спикер аталған жұмысты жүзеге асыру азаматтық қоғамның, соның ішінде этномәдени бірлестіктердің бірлескен іс-әрекетінің нәтижесінде ғана жемісті болатынын атап өтті.

Жалпы жиын қатысушылары жалпыұлттық бірлікті нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру, саяси және қоғамдық өмірді жаңарту мәселелерін талқылап, өз ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті.

Перизат Саденова
Бөлісу: