Астанада «Қазақстан Барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы анықталды

26 Қазан, 20:51 363

Бүгін «Қазақстан Барысы – 2024» атағын Абай облысынан келген Ерасыл Қажыбаев жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Екінші орынды шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров, үшінші орынды Абай облысынан келген Саят Шамшиев алды.

Турнирде өңірлік іріктеу сайыстарының қорытындысы бойынша елдің 42 үздік балуаны бақ сынады. Олар Қазақстанның 17 облысынан және республикалық маңызы бар 3 қала – Астана, Алматы, Шымкенттен келген. Сондай-ақ, турнирде өткен жылғы «Қазақстан Барысы» чемпионы мен «Әскер Барысы» атағының екі өкілі қатысты.

Турнирдің бас жүлдесі – 15 миллион теңге – Ерасыл Қажыбаевқа бұйырды. Жалпы жүлде қоры 27,1 миллион теңгені құрады, оның 3,72 миллион теңгесі жаттықтырушыларға арналған. Жүлде қоры былайша бөлінді: 1-орын – 15 000 000 теңге, 2-орын – 3 300 000 теңге, 3-орын – 1 080 000 теңге. Сонымен қатар, әр жеңіске жеткен белдесу үшін балуандарға 100 000 теңгеден беріледі.

Республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінің ұйымдастырушылары – «Qazaq kuresi» қауымдастығы, «Sport Qory» қоры, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және «Самұрық-Қазына» АҚ.

Зарина Арман
Бөлісу: