Астанада Қарулы күштердің бас шыршасы жағылды

Кеше, 20:39 124

Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың қатысуымен Қарулы күштердің  басты шыршасы жағылған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Жаңа жыл кешіне әскери қызметшілердің балалары, «Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушілері мен шығармашылық взвод сарбаздары қатысты.

Қарулы күштердің бас шыршасын жағуға жиналған 180-ге жуық бала мен олардың ата-аналары көңілді кештің көркін ашып тұрған шыршаны айнала қоршап, жаңа жылдың жаршысына айналған Аяз ата мен Ақшақарды «Жаңа жыл» әнімен қошеметтеп ортаға шақырды. Аяз ата мен Ақшақармен бірге бүлдіршіндер жаңа жылдық әндер орындап, өлең оқып, мерекенің басты кейіпкерлерінен сыйлықтар алды.

Қарулы күштер бас шыршасының шамын жаққан қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев барша қауымды қорғаныс министрінің атынан келе жатқан мерекемен құттықтады.

Құрметті менің кішкентай достарым, сіздерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сендер жас та болсаңдар, белсенді және таланттысыңдар. Алдарыңда маңызды оқиғалар мен жарқын жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін. Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт және амандық тілеймін, – деді министрдің орынбасары.

Шырша шамы жағылып, ұжымдық суретке түскеннен кейін балалар концерт залына қарай ағылды. Мұнда олар Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводы сарбаздары сахналаған Жаңа жылдық ертегіні тамашалады.

Перизат Саденова
Бөлісу: