Астанада «Қалқаман-Мамыр» опера-балет қойылымының премьерасы өтеді

27 Желтоқсан 2022, 18:22 3617

Ерекше қойылымның алғашқы көрсетілімі 28-29 желтоқсан күні өтеді

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Операда» Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» ұлттық опера-балетінің премьерасы таныстырылады. Бұл туралы қойылымға арнап өткізілген баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агентігі.

Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қоюшы режиссер – Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ресейдің Халық әртісі Юрий Александров.

Отырыста «Қалқаман-Мамыр» шығармасының авторы, композитор Балнұр Қыдырбек қойылым сәтті шықса, басқа да театрларда қойылады дейді.

«Кез келген шығарма – туған балаңдай. Оны шығарасың, әрі қарай өмірін өзінше сүреді. «Қалқаман-Мамыр» шығармасы «Астана Операсының» төл дүниесі десе болады. Сәтті шыққан қойылымға айналса одан кейін басқа театрларда да қойылады деген ойдамын», – деді автор.

«Қалқаман-Мамырдың» қоюшы дирижері Абзал Мұхитдин қойылымның ерекшелігіне тоқтала кетті.

«Қойылымның бір ерекшелігі Балнұрдың қазақ операсында ешқашан болмаған кротали деген аспапты партитураға енгізуінде. Бұл әдемі үйлесім болды. Әртістердің сахналық образымен Софья Тасмағанбетова мен Павел Драгунов керемет жұмыс істеп шықты», – деді ол.

Ал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі опера әншісі Азамат Жылтыркөзов қойылым екі ғашықтың махаббат хикаясына арналған дейді.

«Бұл қойылым Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай қойылады. Онда екі қосылмай қалған ғашықтың хикаясы көрсетіледі», – деді әнші.

Қойылымға 200-ден астам әртіс қатысады. Опера, балет солистері, хор және симфониялық оркестр болады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: