Астанада «Public Library» атты қоғамдық кітапхана ашылды

17 Наурыз 2023, 20:15 1230

Елордадағы Maqsut Narikbayev University-де «Public Library» атты қоғамдық кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Public Library қоры сыйымдылығы 13 000 кітапқа дейін жетеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Мінбердегі бірінші залда қазақ тіліндегі әдебиеттер, қазақ авторлары, әлемдік бестселлерлердің қазақ тіліне аудармалары, сондай-ақ Қазақстан туралы шет тілдеріндегі әдебиеттер орналасқан.

Жалпы кітап адамның ішкі дүниесінің, ой-өрісінің білімін кеңейтіп, мұқтажын қанағаттандыратын рухани азығы болып қала бермек. Ал қоғамның әл-ауқаты, даму деңгейі білімге тікелей байланысты. Қазіргі саяси-экономикалық жарыста көш бастап, әлемдік аренада жетекші орын алу үшін – қоғамға рухани жаңғыртатын, білім мен ғылымға қолайлы орта ұсыну керек, - деді Maqsyt Narikbayev University Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.

Ашылу салтанаты Астана Халықаралық қаржы орталығының сот өкілдері мен Халықаралық төрелік орталығының қазіргі төрағасы Томас Крюммель мырзаның және бұрынғы төрағасы Барбара Доманн ханымның ресми сапары аясында өткізілді. Жиын соңында Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Томас Крюммель IAC-тағы коммерциялық дауларды шешу үшін арбитраждың артықшылықтары туралы айтып берді. Ал Доманн ханым 2022 жылғы Халықаралық төрелік орталығының төрелік және медиация ережелерінің новеллалары туралы тыңдаушыларымен бөлісті.

Жалпы ЖОО-дағы қоғамдық кітапхана деген жаңа ұғым емес. Мысалы, New York University, Harvard, Stanford сияқты әлемнің жетекші университеттерінде қоғамның қолдануына ұсынылған кітапханалар бар. Айта кетсек, Public Library кітапханасы Maqsyt Narikbayev University-дің негізгі кіреберісіндегі холлда орналасқан. Оған кез келген Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары келе алады.

EL.KZ
Бөлісу: