Астанада президенттік «Алтын сапа» сыйлығын табыстау салтанаты басталды

12 Желтоқсан 2023, 09:36 1447

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге сапа саласындағы президенттің жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығын табыстайды. 

Сапа саласындағы сыйлық: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын», «Азық-түлік және/немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» секілді 4 номинация бойынша беріледі. 

Әр номинация бойынша мынадай үш санат: шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъекті бойынша үш сыйлықтан табысталады.

Сонымен қатар байқаудың «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» атты арнайы сыйлықтары қарастырылған.

Осы байқаудағы жеңімпаздар лауреат атанады. Осылайша жыл сайын 14 лауреат анықталады.  

«Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары дипломдар, байқау эмблемасымен және жеңімпаздарды келесі кезең – ТМД-ның өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы байқауына қатысуын ынталандыру үшін 450 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталады.  

Биыл «Алтын сапа» сыйлығын алу байқауына 221 компания өтінім берді. Сонымен қатар марапаттау салтанатында «Qazaqstan Project Management Awards-2023», «Іскер», «Қазақстанның үздік тауары», «Ұлы дала елі», «Іскерлік кемелдік», «Парыз» және «ASMAR» бизнесте тану» сыйлықтары табысталды.  

Жеңімпаздар жүлделерді премьер-министрі Әлихан Смайылов, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов, премьер-министрдің орынбасарлары Серік Жұманғарин, Тамара Дүйсенова және басқа да азаматтардың қолынан алды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: