Астанадағы полиция дрондарды пайдалана отырып, қаланы бақылауда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Елорда полициясы қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін заманауи технологияларды белсенді қолдануда. Бүгінде құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге мүмкіндік беретін озық тіркеу және бейнемониторинг жүйелері енгізілген.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары полицияның Жедел басқару орталығында ұйымдастырылған, онда қаладағы ахуал тәулік бойы, 24/7 режимінде бақылауда ұсталады. Мониторингке көше бейнекамералары, смарт-жетондар, автопатрульдерге орнатылған камералар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылған.
Дрондар күн сайын көлік ағындарын бақылайды, жол жүру ережелерінің бұзылуын тіркейді, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін таниды және деректерді іздеу базаларымен салыстырады. Бұл құқық қорғау органдарына, соның ішінде кейбір патрульдер бара алмайтын орындарда да, орын алып жатқан оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, дрондарға орнатылған дауыстар арқылы полиция қызметкерлері азаматтарға үн қатып, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде ескерту жасай алады, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады және профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Мәселен, дронның көмегімен Жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды: 36 жастағы ер адам Гёте көшесінде жолды рұқсат етілмеген жерден қиып өткен. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Тағы бір жағдайда дрон Біржан сал көшесінде құқық бұзушылықты анықтады: «Kia» маркалы автокөліктің жүргізушісі көлік құралын қауіпсіздік белдігін тақпай басқарған. Бұл дерек бойынша құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама рәсімделді.
Сондай-ақ дрондар қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге де фактілерін анықтайды. Мысалы, қалалық зират аумағында 44 жастағы ер адамның қоқыс салынған пакетті белгіленбеген жерге тастап, ортақ пайдаланудағы аумақты ластағаны тіркелді. Басқа бір эпизодта Гёте көшесінде жас жігіт шылым шеккеннен кейін темекі қалдығын жерге лақтырып жіберген.