Елордада мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының қатысуымен ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге байланысты Астана полицейлері 10 қазаннан бастап қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшті, деп хабарлайды El.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
10 қазан сағат 21.00-ден бастап стационарлық бақылау бекеттерінің базасында елорда аумағына кіруді бақылау күшейтіледі, бекеттерде қызмет атқаруды тәулік бойы құрамында полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері бар мобильді топтар жүзеге асырады.
Көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында 1 қазаннан бастап «Учаске» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға ерекше назар аударылады.
Өткізілетін іс-шараларға байланысты қаланың жаңа әкімшілік орталығында жолдардың кейбір учаскелерінде қозғалысты уақытша ішінара шектей отырып, күзетілетін адамдарды сүйемелдеу жүргізілетін болады.
Астана қаласының Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарынан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды және ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлікті пайдалануды ұсынады.