Астанада Өзбекстан суретшілері мен шеберлерінің көрмесі ашылды

6 Тамыз, 15:40 650

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде Өзбекстанның бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көрме Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің ҚР мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шара тәуелсіздік жылдары екі ел арасында қалыптасқан мәдени-ақпараттық диалогты жалғастыру мақсатында жасалып отыр.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Салтанатты шарада алғаш болып ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова сөз сөйледі.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мұндай көрмелер бұған дейін де табысты ұйымдастырылып, екі ел арасындағы шынайы бауырластықты танытып келеді. Ортақ тарихымыз бен бай рухани мұраларымызды дәріптеу қос ел арасындағы достық қарым-қатынастың басты себебі екені сөзсіз. Бүгінгі Өзбекстанның бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесінде Өзбекстанның заманауи суретшілерінің соңғы онжылдықта салған және дәстүрлі өнерлерін ашып көрсететін туындылары ұсынылды, - деп атап өтті комитет төрағасы.

Өзбекстанның өнері Тәуелсіздік жылдары жаңа биіктерге көтерілді. Ақпаратқа кеңінен қол жеткізу және әлемдік көркемөнер үрдісіне тартылу арқылы өнер шеберлерінің ұлттық мәдениетке, тарихи мұраға, халық өміріне деген қызығушылығы артып, тереңдей түсті.

ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басындағы Өзбекстан кескіндемесінің айрықша және танымал ерекшелігі деп «өзбек авангардын» ерекше атап өтуге болады. Бұл ұлттық өнер дәстүрлерінің еуропалық постимпрессионизм және өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Өзбекстан кескіндемесі мен синтезі.

Өзбекстан өнері әрқашанда жарқын шығармашыл тұлғаларға бай болатын. Бұған осы көрмеге ұсынылатын Акмаль Нур, Алишер Хамдамов, Татьяна Фадеева, Файзулла Ахмадалиев, Шахноза Абдуллаева, Бахтиёр Махкамов, Хуршид Зияханов және Өзбекстан Өнер академиясының мүшелері мен Өзбекстанның әртүрлі аймақтарының талантты жас суретшілері сынды өзге де қылқалам шеберлерінің туындылары айқын дәлел.

Өзбекстан Өнер академиясының төрағасы, Өзбекстанның халық суретшісі Акмаль Нур бүгінгі көрменің ерекше екенін айтады.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Қазақстан мен Өзбекстан халқының ойлау қабілеті, менталитеті ұқсас, даму жолындағы мақсаттары мен бағыттары бір. Сондықтанда біздің мемлекет басшыларымыз жиі кездесіп, маңызды мәселелерді талқылау арқылы оң шешімін табады. Осыған сүйене отырып, біз де өнер адамдары болып бірігіп, үлкен жобаларды жасауымыз керек. Біз бүгінгі көрмеге арнайы Қазақстанның көрермендерін қызықтыратын жұмыстарды әкелдік. Мұндай көрмелер екі елдің арасын нығайта түспек, - деді суретші.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қазақстандық суретші және мүсінші Сембіғали Смағұлов Өзбекстандағы суретшілердің жағдайы биік деңгейге деп есептейді.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Бүгінгі көрменің ауқымы кең. Бас қаламыз Астанаға өзбек бауырларымыз, әріптестерім өз суреттерін, туындыларын алып келді. Оларды көргенімізге өте қуаныштымыз. Қазақтың өнерсүйер қауымы үшін де көрменің маңызы зор, - дейді белгілі қазақстандық суретші.

Көрмеге ұсынылып отырған заманауи кескіндеме туындылары Шығыстың ежелгі аңыздарынан, поэзиясы мен тарихынан рухтанған романтикалық бейнелерден бастап, Өзбекстанның сұлу табиғаты мен ұлттық тұрмысына тән сипаттарын ашып көрсететін нақты сюжеттерге дейінгі суретшілердің стилистикалық ерекшеліктерінің әртүрлілігін, қызығушылықтары мен шығармашылық көзқарастарының кең ауқымын көрсетеді.

Суреттер: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Ал көрменің қолданбалы өнер бөлімінде заманауи өзбек шеберлерінің бұйымдары ұсынылды. Өзбекстанның халық өнері көпғасырлық дәстүрлерге негізделген шығармашылықтың сан алуан түрлеріне бай. Ол халық өмірі мен тұрмыс-тірішлігінің барлық жағын қамтиды. Халық шығармашылығының бұқаралық сипаты, эстетикалық жоғары армандары мен жасампаз негіздері Өзбекстан мәдениетіне деген әлемдік қауымдастықтың жоғары қызығушылығын айқындап берді.

Мемлекет дәстүрлі қолөнерді жандандыру үрдісін, халық шығармашылығының әртүрлі үлгілерін дамытуды қызу ынталандырады. Сол арқылы ұлттық рух пен өзін-өзі танудың жандануына ықпал етеді. Республикада тәуелсіздік жылдары құрамына Өзбекстанның барлық өңірлерінен талантты шеберлердің мыңдаған отряды кірген халық шеберлерінің «Хунарманд» қауымдастығы құрылды.

Суреттер: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Көрмеге Өзбекстанның дәстүрлі өнерін ашып көрсететін туындылар ұсынылып отыр. Бұл - ташкенттік заманауи шеберлердің ағаштан ойып немесе ағашқа өрнектеп салған бұйымдары, Ташкент, Бұхара мен Самарқанд шеберлерінің сюзане кестелері, марғұландық шеберлердің қолдан тоқыған атластары мен жібектері, Риштан мен Гиждуван шеберлерінің нақыштары мен миниатюралары, керамика бұйымдары. Оларды әртүрлі буын шеберлері, негізінен өз шығармашылықтарында аға буын шеберлерінен алған дағдыларын ұқыппен сақтап дамытып келе жатқан жастар жасаған.

Өзбекстанның халық суретшісі Акмаль Нур бүгінгі көрмеге арнайы өзінің «Той», «Сұхбат» және «Колибри және таң» атты үш суретін алып келген.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Әр суретімді өзімнің ішкі жай-күйіме байланысты бейнелеймін. Бір суретті бастасам, екіншісін аяқтап жатамын. Себебі оның бояуы сіңуі керек. Бір бояуы сіңбейінше, үстіне тағы бояу жағуға болмайды. Сондықтанда әрбір суретімді салуға нақты қанша уақыт жұмсағанымды айта алмаймын. Бәлкім, 3-4 ай көлеміндей уақыт кететін шығар, - деді ол.

Акмаль Нур «Той» деп аталатын суретінде қалыңдықтың бейнеленгенін айтады. Бұл еңбегінің бағасы 15 мың АҚШ долларын құрайды. Ал «Сұхбат» атты суретінде гүл шоғы салынған. Суретші картинаны салуға бірнеше ай уақыт кетірген. Акмаль Нур «Колибри және таң» суретін таңертең салған. Екі суреті де 6 мың АҚШ долларын құрайды.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Мен барлық жұмысымды өзімнің көңіл-күйіме байланысты салып шығамын. Ешқашан тапсырысқа сурет салған емеспін. Картиналарымды біреу сатып ала ма, жоқ па ол туралы ойланбаймын, - дейді суретші.

Кесте тігудің шебері Шахноза Шарипова Қазақстанға өзбек ұлтының туындысын көрсету үшін арнайы Өзбекстаннан келген.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Тігін жұмысымен айналысып келе жатқаныма 9 жылдан асты. Бүгінгі көрмеге Бұхара кестелерін әкелдім. «Сюзане» кестесінде Бұхара өмірін сипаттайтын ағаш бейнеленген. Мұндағы анар берік отбасының символы іспеттес. Ал кестедегі кеңістік шөл даланы білдіреді, - деді шебер.  

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Оған қоса Шахноза Шарипова көрмеге келген көрермендерге өзбек ұлтының оюлары бейнелеген жастықты қалай тігетінін көрсетті.

Суреттер: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Экспозицияға барлығы 80-ге жуық картина және 100-ден астам сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары көрмені 8 тамызға дейін тамашалай алады.

Айта кетейік, бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінің 10 жылдығына орай Қазақстанның танымал зергері, реставратор, отандық зергерлік өнердің дамуына зор үлес қосқан новатор Берік Әлібайдың «Зергер Берік Әлібай» кітабының тұсаукесері мен 16:00-де шебердің жеке «Ұрпаққа мұра» атты мерейтойлық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі де өтеді деп жоспарланған.

Көрменің мақсаты – көпшілік назарына Берік Әлібайдың үздік туындыларын ұсыну болып отыр.

Берік Әлібай – ҚР Дизайнерлер одағы және ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Президенті стипендиясының иегері, «Қолданбалы өнер» номинациясы бойынша «Астана-Бәйтерек 2005» конкурсының лауреаты, Карл Фаберже Халықаралық мемориалдық қорының «Еңбегі сіңген зергер» гауһартасты Орденінің иегері.

Шебер қазақ халқының дәстүрлі зергерлік қолөнерін әлемге паш етіп, мәдениетіміздің дамуына теңдессіз үлесін қосып келеді. Оның авторлық жұмыстары еліміздің музейлерінің қорларында және жеке коллекционерлер мен шетелдік галереяларда сақтаулы. Берік Әлібай түрлі оқу орындарында сабақ беріп, шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізеді, жас шеберлерді шабыттандырып, қазақ зергерлік өнерінің дәстүрлерін жалғастырып жүр.

Зергердің жұмыстары дәстүрлі қазақ мотивтері мен заманауи дизайнерлік шешімдерді үйлестіретін ерекше стилімен белгілі. Шебер күміс, алтын, асыл және жартылай асыл тастар, сүйек пен ағаш сияқты түрлі материалдармен жұмыс істейді.

Кезінде Берік Әлібай Ұлттық музейдің Консервациялау және қалпына келтіру орталығының Металл, ағаш, тері және сүйек бұйымдарын реставрациялау бөлімінде жетекшілік етті. Хас шебердің қолынан көптеген Музей жәдігерлері реставрациядан өтіп, бұл бұйымдардың «жаңа өмірі» Музей экспозицияларында жалғасын тапты.

«Ұрпаққа мұра» атты көрмесіне зергердің 158 авторлық бұйымы, панно, ер-тұрман, бас киімдер, қару-жарақ, белдіктер және тағы да басқа туындылары ұсынылып отыр. Бұл соңғы он жылдағы жаңа әрі ең үздік туындылар.

Берік Әлібайдың шығармашылығы мәдени мұраны қазіргі заманда сақтап, әрі қарай дамыту арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғастырудың жарқын мысалы бола отырып, бүкіл әлемге қазақ мәдениетінің байлығы мен сұлулығын көрсетеді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: