Астанада Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы қорытындыланды

21 Желтоқсан, 02:18 520

Астанада Отбасын қолдау орталықтары мен қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильдік топтар қызметі бойынша 2024 жылдың қорытындысына арналған жиын өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде 65 Отбасын қолдау орталығы (ОҚО) жұмыс істейді. Орталықтар қазақстандықтарға түрлі мәселелерді шешуге көмек көрсету үшін құрылған. ОҚО психологиялық, заңгерлік, ақпараттық кеңес береді, жұмысқа орналасуға және біліктілікті арттыруға жәрдемдеседі. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына бір айға дейін уақытша баспана ұсынады.

2024 жылдың сәуір айында әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Заңның қабылдануы отбасы институтын нығайту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда маңызды қадам болды.

Заңның жаңа редакциясы ОҚО қызметіне де өзгерістер енгізді – Отбасын қолдау орталықтарының бірыңғай желісі құрылып, отбасы мәселелерін шешуде кейс-менеджмент енгізілді.

Орталықтар көмекке жүгінгендердің жағдайын кешенді түрде бағалап, әр отбасының жағдайына байланысты жеке жоспар әзірлеп, оны жүзеге асыруда.

Жаңа тәсілде алдын алу шараларына баса назар аударылды. Қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларды ерте анықтау үшін Мәдениет және ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің мамандарынан мобильдік жұмыс топтары құрылды.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының жеделдігі мен ыңғайлылығы үшін әлеуметтік қызметтерді ұсынудың интеграцияланған моделі ретінде мобильді қосымша әзірленді. Қазіргі уақытта мобильді қосымша сынақтан өтуде.

Заң күшіне енген сәттен бастап орталықтардың саны 33-тен 65-ке дейін өсті. 2025-2027 жылдары олардың санын 208-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері орталық мамандары 400 мыңнан астам кеңес берді.

Орталықтардың қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ мобильдік топтардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық өңірлерде көшпелі оқыту семинар-тренингтері өткізілді.

Зарина Арман
Бөлісу: