Астанада Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған көркемсөз оқу кеші өтті

22 Қыркүйек 2023, 17:17 1637

ҚР Ұлттық музейінде дарынды жазушы, публицист Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған «Жасын ғұмыр жазушы» атты көркемсөз оқу кеші өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған кешке жас ақын-жазушылар, Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері, елорда мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері және ЖОО студенттері мен арнайы қонақ жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы қатысты.

Биыл жазушы Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы респулиблика деңгейінде атап өтіліп жатыр. Мен оған қуаныштымын. Өйткені, Оралхан облыс көлеміндегі емес, әлемдік деңгейдегі қазақ жазушыларының бірі. Жазушының шығармаларын оқысаңыз сізді сұлу сөздерімен, қаламының қарымымен, дарынымен, суреткерлігімен бірден баурап алады. Бүгінгі кештің ұйымдастырылып отырғаны жастарға көп пайдасын тигізеді. Себебі, Оралхан тек суреткерлігімен ғана емес, еңбектеріндегі тағылымды ойлары, өмірден алынған мысалдары жас оқырманды тәрбиелейді деп ойлаймын, - деді жазушының қарындасы.

Одан бөлек, жиында Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді. Оған қоса, қатысушылар жазушының прозалық, драмалық шығармаларынан үзінділер оқып, өнерлерін ортаға салды.

Қазіргі таңда кітап оқушы жастардың қатары күн санап көбейіп келеді. Солардың қазақтың дарынды жазушыларын танығанын, шығармаларымен сусындағанын қалаймыз. Оралхан Бөкей ағамызды тек әдебиетке қызығушылық танытып жүрген адам ғана емес, жалпы әр қазақ оқитын қаламгерлердің бірі деп есептеймін. Бүгінгі жиынды ұйымдастырып жатқан себебіміз де осы. Өйткені, кештің мақсаты – оқушыларды жазушы Оралхан Бөкейдің өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстыру, жастардың көркем шығармаларды оқып-үйренуге ықыласы мен қызығушылығын арттыру , - деді ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Гиззатов Саялбек.

Айта кетейік, ҚР әр өңірінде қаламгердің тағылымды ғұмыры мен шығармашылығына арналған әдеби-мәдени жиындар жыл бойы жалғасатын болады.

Равиль Ашығали
Бөлісу: