Астанада мұғалімдер мен ата-аналарға арналған тегін шеберлік сабақтары өтті

2 Қыркүйек, 18:18 427

Астана қаласында CREATIVITY AND SCIENCЕ атты мұғалімдер мен ата-аналарға арналған жаңа жобаның тұсауы кесілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа бастама аясында мұғалімдер, ғалымдар, инженерлер мен креатив саланың өкілдері тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, STEAM және PBL тәсілдерін өмірде, жұмыста және оқуда қолдану тәжірибесін бөліспек. 

Біз жоба аясында білім беру алаңын ұсынып қана қоймай, ортақ идеяға біріккен жандардың қауымдастығын құрғымыз келеді. Бұл жерде осы салаға қызығатын мұғалімдер мен ата-аналар STEAM мен PBL жайлы көбірек біліп, бұл тәсілдерді оқу және тәрбие ісінде қолдануды үйренеді, — дейді STEAM.KZ білім беру платформасының негізін қалаушы Айдын Тусюбжанов.

Жобаның басты миссиясы – білім саласын дамытуға мүдделі адамдарға балаларды болашақ ғалым, инженер ретінде тәрбиелеуге мүмкіндік беретін құралдарды ұсыну.

Бірінші іс-шарада тәжірибелі мұғалімдер мен көшбасшы мамандар білімін бөлісті. STEAM.KZ білім беру платформасының негізін қалаушы Айдын Тусюбжанов балалардың бойындағы креативтілікті арттырудың жолдарын бөліссе, Quantum STEM мектебінің информатика және робототехника пәні мұғалімі Ержан Әуезов ChatGPT негізізінде чат-бот жасауды үйретті. Ал тарих пәнінің мұғалімі Айткүл Жандарбекова тарих сабақтарына математика мен ғылымды қалай кіріктіруге болатынын түсіндірді.

STEAM тек техникалық мамандықтарды ғана қамтымайтынын түсінген жөн. Оның бізді қоршаған барлық нәрсемен байланысы бар. Мысалы, тарих сабағында мен балаларға күймелер туралы айтып, олардың әлемді қалай өзгерткенін баяндадым. Бұл ретте біз оқушылармен бірге дөңгелектің қалай жұмыс істейтінін анықтадық. Сонымен қатар оқушылар өз бетінше күйме жасап шығарды. Осылайша оқушылар тек тарихты оқып қана қоймай, физика, математика негіздерін жақсырақ түсіне алды, — деп бөлісті Айткүл Жандарбекова.

Бұдан бөлек мектеп басқару ісінде мол тәжірибеге ие Құралай Байтажикова да мектепке STEAM тәсілін енгізу тәжірибесін бөлісіп, STEAM білім берудің маңызына тоқталып өтті. Ал HR-кеңесші әрі профориентатор Ботагөз Омарова қатысушыларға мамандық таңдау стратегиясын құру жолдарын көрсетті.

Жоба аясында ұйымдастырылған алғашқы іс-шара ғылым мен білімге қызығатын 100-ден аса түрлі сала өкілдерін біріктірді. Қатысушылар арасында тек Астана қаласының тұрғындары ғана емес, басқа қаладан арнайы келгендер де болды.  Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жобаның ауқымын кеңейтуді мақсат етеді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: