5 шілде күні сағат 17.00-де елордадағы Жастар сарайында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, биыл конкурсқа қатысу үшін 238 отбасы құжат тапсырды. Еңбек пен спортта, шығармашылық және зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар отбасылар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар, көпбалалы отбасылар, ерекше балалары бар отбасылар, ардагерлер, сондай-ақ еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер қатысты.
Конкурстың негізгі мақсаттары – отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, жауапты некенің маңыздылығын мойындау; ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру; отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз және қарт ата-аналарға қамқорлығын насихаттау; қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау.
Салтанатты марапаттау кезінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық турының жеңімпазына 1 000 000 теңге, 5 аудан жеңімпаздарына 500 000 теңге сертификатары, ал үздік 10 отбасыға бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Қазақстанда 2013 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.
Байқау адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған.