Астанада мәдениет және өнер апталығына орай бірқатар шара өтеді

18 Мамыр 2023, 03:33 1131

Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса  Дәуешов мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орайластырылған іс-шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

15-20 мамыр аралығында барлық облыстарда, аудандарда мәдениетке, өнерге қатысты дөңгелек үстелдер, кездесулер, концерттік кештер, шеберлік сағаттары өтеді.

Астана қаласында 18 мамырда ҚР Ұлттық музейінде «Музей уақыт ағымында» атты музей түнін өткізу жоспарланған. Биыл мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар кешені ҚР Ұлттық музейінде басталады. Акцияның негізгі мақсаты – заманауи музейлердің мүмкіндіктері мен оның әлеуетін көрсету және жастарға кеңінен тарату. «Жұлдызды гид» жобасы аясында сол күні елімізге танымал азаматтар музейде арнайы экскурсия жүргізеді, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, Музей түні – халықаралық жоба. Бүкіл әлемдегі музей қызметкерлері сонау 1978 жылдан бастау алатын 18 мамырда өздерінің кәсіби мерекелері – Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. Қазақстанда 264 музей жұмыс істейді. Осы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы қызметкерлер келіп қатысады.

Сонымен қатар 19 мамыр күні Астанада Ұлттық академиялық кітапханада «Мәдениет. Кітап. Білім. Тіл» Open air фестивалі өтеді. Негізгі мақсат – ел руханияты, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға бағытталған түрлі бастамалардың іске асуын, мәдениет саласы мамандарының, соның ішінде кітапханашылардың қосқан үлесін көрсету. Фестиваль аясында көптеген кітап көрмелері, жәрмеңкелері, арт шеберлік сағаттары, балалар павильондары сияқты шаралар көзделген.

Вице-министр мәдениет пен өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында арнайы іс-шаралар жоспарланғанын айтты. 19 мамыр күні өтетін гала концертте еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер адамдары сахнада өнер көрсетеді.

Мәдениет саласының өкілі Астана қаласына халықтық театрлардың да келетінін айтты.

Биыл төл мерекемізге арналған апталық аясында бүгіннен бастап келіп жатқан 178 мәдениет қызметкері, оның ішінде халық шығармашылық орталықтарының, филармониялардың қызметкерлері т.б. түрлі семинарлар мен кездесулер өткізіп, шеберлік сабақтарын жүргізіп жатыр, – деді Н. Дәуешов.

Перизат Саденова
Бөлісу: