Астанада күн сайын қызылша жұқтырған 45 адам тіркеледі

28 Желтоқсан 2023, 07:35 802

Астанада қызылшаға байланысты эпидемиологиялық жағдай күрделі. Күн сайын қызылша жұқтырғандар тіркеліп жатыр, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова айтты.

Астанада күн сайын қызылшаның 45-ке дейін жағдайы тіркеледі. Бүгінгі таңда қызылшаның 3 328 бастапқы жағдайы тіркелді, оның ішінде 1 087 жағдай расталған диагноз және оның 71 пайызы (769 жағдай) – 14 жасқа дейінгі балалар арасында, 11 пайыз (117 жағдай) – жасөспірімдер, 18 пайыз (201 жағдай) – ересектер.

Науқастар арасында вакцинация алмаған балалардың үлесі әлі де жоғары болып қалуда және ол 67 пайызды құрады (725 жағдай), сонымен қоса 27 пайыз – егу мәртебесі белгісіз ересектер. Екпе алып, кейін ауырып қалған балалардың үлесі тек 6 пайызды құрады. Қызылша ауруына шалдыққандардың ішінде 42 пайыз немесе 326 жұқтырған балалар жоспарлы тәртіппен жүргізілетін вакцинациядан бас тартуымен байланысты, 28 пайыз (214) – медициналық қарсы көрсетілімі бойынша, 20 пайыз (149) – егу жасына жетпеген және 5 пайыз ата-аналардың немқұрайлығы себебінен вакцинация алмағандар, - деді қалалық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы екпе алмаған адамдар анықталуда.

Байланыста болған 14 088 адамның 3 912-сі шұғыл вакцинациялауға жатады.

Осылайша, қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған сәттен бастап алғашқы 72 сағат ішінде вакцинация алмаған адамдарды инфекциядан уақтылы қорғау және инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында 1 914 адам егілді.

Сархат Бейсенова қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін 6 қарашадан бастап қосымша жаппай иммундау шеңберінде қамтылуға жататын 29,5 пайызы немесе 35 754 адам вакцина алды, оның ішінде 6-10 айлық балалар (7 365) – 30,7%, 2-4 жастағы балалар (18 843) – 24,2%; медицина қызметкерлері – 70,7% (4 243) адам егілді. Қосымша иммунизациямен қатар 18 жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау жүргізілуде, оның барысында егу күнтізбесі бойынша уақтылы егілмеген 5 303 балаға немесе 40,8% екпе салынды.

Айта кетейік, қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация жалғасуда. Екпе салыну тиіс 12-15 айлық аралығындағы сәбилердің 92,3 пайыз (22 780 бала) және 6-7 жастағы балалар арасында 92,6 пайыз (22 700 бала) қызылшаға қарсы жоспарлы екпемен қамтылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: