27.11.2024
18:41
784
Астанада кәмелетке толмаған 165 жасөспірім полицияға жеткізілді

Астанада кәмелетке толмаған 165 жасөспірім полицияға жеткізілді

Елордада жасөспірімдер қылмысының алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің мәліметінше, полицейлер аудандық әкімдіктердің, білім басқармасының және Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қызметкерлерімен бірлесіп, саябақтар мен гүлзарларды, компьютерлік клубтарды, кафелерді тексереді. Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында болу фактілері анықталады.

Рейдтік іс-шаралар шеңберінде аудандық ІІО-ға 165 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді, оның ішінде 6 кәмелетке толмаған бала есепке алынды.

Жедел іс-шара барысында 151 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуы» бойынша 109 факті бар.

Балалардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ойын-сауық мекемелерінің иелері сағат 22.00-ден кейін ата-аналары немесе оларды алмастыратын тұлғалары жоқ балаларды кіргізгені үшін жауапкершілікке тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйлерінен тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуына және жүруіне тыйым салынады.

Рейдтік іс-шаралар қоғамда құқықтық сана мен мәдениет деңгейін арттыру, заңдылық қағидаттарын дамыту және кез келген құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік мақсатында жүргізіледі.