Астанада ХІ азаматтық форум өтті

13 Қазан 2023, 20:12 751

«Астана» халықаралық қаржы орталығында елорданың ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Камеда» қоғамдық қоры, елорданың ҮЕҰ Альянсы ұйымдастырған ХІ азаматтық форум өтті. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Форумның тақырыбы – «Құқықтық мемлекет құру үшін билік пен қоғамның серіктестігі». Бұл әлеуметтік мәселелерді шешу және Астананың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қоғамның түрлі секторлары арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін көрсетеді.

Форумды Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев құттықтау сөзімен бастады. Ол бүгінде елордада 3 492 үкіметтік емес ұйым тіркелгенін айтып өтті. Олардың мыңнан астамы – белсенді. Бұл соңғы үш жылда азаматтық қоғам институттарының белсенділігі үш есеге өскенін көрсетеді.

Биыл елордалық үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп білім беру, салауатты өмір салты, жастарды қолдау, балалар бастамалары және халықтың әлеуметтік осал топтары, отбасылық және тұрмыстық мәселелерді шешу саласында 55 әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда қалада 15-тен астам көпфункционалды орталық жұмыс істейді, олардың мақсаты азаматтық бастамаларды қолдау және дағдарыстық жағдайларды шешу болып саналады. Күнделікті үздіксіз жұмыс пен үкіметтік емес ұйымдардың оңтайлы тәсілінің арқасында табысты іске асырылған жобалардың саны мен сапасы жыл сайын артып келеді, - деп атап өтті елорда әкімінің орынбасары.

Ол сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерімен өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды қадамдардың бірі «Астананың Азаматтық бастамалар орталығын» құру екенін атап өтті. Оның қызметі аясында азаматтық қоғамның әлеуетін институционалдық дамыту және нығайту бойынша консалтингтік сүйемелдеу жұмысы ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бизнестің тұрақты дамуы мен әлеуметтік жауапкершілігінде әлеуметтік кәсіпкерлік шешуші рөл атқарады. Өзгеріс көпшілік жұмылып қоғамның игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеген кезде пайда болатынын бәріміз білеміз. Дәл осы тәсіл біздің елордадағы жұмысымыздың негізінде жатыр. Біз ҮЕҰ-ны қолдау және көпсалалы әлеуметтік орталықтардың қызметін іске асыру үшін үй-жайлар ұсынамыз. Бұдан басқа, біз әлеуметтік кәсіпкерлер тізімінде тұрған ҮЕҰ-ға өтеусіз гранттар береміз. Бұл гранттар ұйымдарға өз қызметін дамытуға және кеңейтуге, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Ерлан Бекмұрзаев.

Форумның мақсаты жергілікті қоғамдастықтардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту болып саналады.

Форумға қатысушылардың сұрақтары мен ұсыныстарын саралау үшін 3 тақырыптық алаң ұйымдастырылды. Онда қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың өкілдері өз қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру үшін ҮЕҰ жұмысының түрлі аспектілерін қозғап өтпек.

EL.KZ
Бөлісу: