Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты басталды

7 Қазан, 23:15 743

Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында грэпплингтен әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің мәліметінше, турнир 12 қазанға дейін жалғасады.

Grappling және Grappling G жарыстары жас санаттары U15, U17, U20, ересектер мен ардагерлер арасында өтеді.

Турнирге әлемнің 30 елінен 1300-ден астам спортшы қатысуда.

Қазақстанда грэпплинг барынша қарқынды дамып келеді, әлемдік деңгейде біздің еліміз негізгі ивенттерді алып жатыр және бұл соңғы спорттық жетістіктермен тікелей байланысты. Қазақстан 2017 жылдан бастап Азия континентінде грэпплинг бойынша сөзсіз көшбасшы болып саналады, сондай-ақ әлемдік рейтингтер көшбасшыларының үштігіне кіреді, – деді ҚР Грэпплинг қауымдастығының президенті, грэпплингтен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Қанат Алин.

Астана мұндай деңгейдегі іс-шараларды алғаш рет өткізіп отырған жоқ. Ел астанасы грэпплингтен әлем чемпионатын осымен үшінші рет өткізіп отыр. Бірінші турнир 2018 жылы өткізілді, екіншісі олимпиадалық түрлер грек-рим, еркін әйелдер күресі бойынша әлем чемпионатының бағдарламасына сәйкес өтті. Сондай-ақ елорда 2017 және 2023 жылдары Азия чемпионатын өткізді.

Мен Қазақстанда өтіп жатқан жарысқа алғаш рет қатысып тұрмын. Турнирдің ұйымдастырылуы мені таң қалдырды, барлығы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жарыс тартысқа толы, қарсыластарым мен турнирге қатысушылар мықты спортшылар. Олардың кейбірімен мен халықаралық турнирлерде кездесіп үлгердім және чемпионат өте қызықты өтеді деп ойлаймын, – деп әзербайжандық спортшы Илькин Мамедов өз әсерін бөлісті.

Перизат Саденова
Бөлісу: