10.10.2025
10:29
455
Астанада геронтология мен гериатрияның болашағы талқылануда

Астанада геронтология мен гериатрияның болашағы талқылануда

Елордада елімізде және халықаралық деңгейде геронтология мен гериатрия саласының даму барысын талқылау мақсатында ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан геронтологтар және гериатрлар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған.

«Қазақстандағы геронтология және гериатрияның жағдайы мен болашағы. Теориядан тәжірибеге» атты конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дәрігерлер, ғалымдар, денсаулық сақтау саласының мамандары және шетелдік сарапшылар қатысуда.

Басты мақсат – егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыру, белсенді ұзақ өмір сүруді қамтамасыз ету және геронтология мен гериатрия саласындағы ғылыми және практикалық тәжірибе алмасу.

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен халықаралық ұйымдардың делегаттары сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қатысушыларға құттықтау сөз арнады.

Вице-министр өз сөзінде конференцияның елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағында геронтология мен гериатрияны дамытудағы маңызды бастама екенін атап өтті.

Бұл конференция геронтология және гериатрияны практикалық денсаулық сақтаудың барлық деңгейінде табысты дамыту мақсатында өткізіліп отыр. Іс-шара тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орталық Азия өңірінде осы бағыттың дамуына серпін береді деп сенеміз, – деді Тимур Мұратов.

Ол сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының халықты қоныстандыру қоры тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.

Тимур Мұратов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған негізгі мақсаттарға да тоқталды.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекетіміздің басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыру. Әрбір жыл белсенді өмірмен, денсаулықпен және ертеңгі күнге деген сеніммен өтуі тиіс. Бұл – біздің денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларындағы жұмысымыздың басты бағыт-бағдары, – деді ол.

Вице-министр атап өткендей, халықтың қартаюы мен өмір сүру ұзақтығының артуы денсаулық сақтау жүйесінен жаңа тәсілдерді талап етеді. Бұл ретте профилактиканы күшейту, егде жастағы азаматтардың белсенділігі мен тәуелсіздігін сақтау – негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

Тимур Мұратовтың айтуынша, соңғы жылдары елімізде өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші айтарлықтай артқан.

2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,4 жасқа жетті. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш 76 жас деңгейіне тұрақты түрде көтеріледі деп күтілуде. Бұл – еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің орнықты дамуы мен профилактикалық бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асуының айғағы, – деді вице-министр.

Ал Ресей Федерациясының бас геронтологы, медицина ғылымдарының докторы Ольга Ткачева конференцияны ұйымдастырған қазақстандық әріптестеріне алғыс айтып, геронтология мен гериатрия саласындағы ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.

Бұл маңызды шараны Қазақстанда ұйымдастырғандарыңыз және біздің делегацияны шақырып, ынтымақтастыққа дайын екендеріңіз үшін зор алғыс айтамын. Қазіргі таңда өмір сүру ұзақтығының артуы – бүкіл әлем үшін маңызды үрдіс. Осыған байланысты туындайтын сын-қатерлерді біз тек бірлесе, көпсалалы деңгейде еңсере аламыз, – деді Ольга Ткачева.

Оның айтуынша, геронтология тек медициналық сала шеңберінде ғана қарастырылмауы тиіс. Бұл бағыт кардиология, пульмонология, онкология сияқты түрлі медициналық бағыттарды қамтумен қатар, әлеуметтік қолдау, мәдениет және білім салаларымен де тығыз байланысты.

Медицина жалғыз өзі бұл мәселелерді шеше алмайды. Егде жастағы адамдардың белсенді өмір сүруін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қызмет, мәдени орта және білім беру салаларының бірлескен жұмысы қажет. Бұл – ведомствоаралық әрі халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты талап ететін сала, – деді ол.

Ольга Ткачева сондай-ақ Ресейдің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының серіктес орталығы ретінде басқа елдердің тәжірибесін қабылдап қана қоймай, өздерінің де тәжірибесін бөлісуге дайын екенін айтты.

Біз көптеген елдердің тәжірибесінен үйрендік және өз тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз. Қазақстанның бұл бағыттағы нәтижелері де ерекше назар аударарлық. Сіздерде өмір сүру ұзақтығы өсіп келеді, бұл – елдің жүйелі еңбегінің көрсеткіші, – деп атап өтті спикер.

Конференцияға сондай-ақ Ресей, Беларусь, АҚШ, Финляндия, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары қатысып жатыр. Олар қартаю үрдісі, егде жастағы адамдарға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету, халықаралық тәжірибелер мен инновациялық тәсілдер жөнінде баяндама жасайды.

Оған қоса басқосуда геронтология мен гериатрияның заманауи мәселелеріне арналған секциялық отырыстар өтеді. Онда егде жастағы адамдардың артериялық гипертензиясы, ұйқы апноэсы, дұрыс тамақтану, сондай-ақ мейіргерлік күтім сапасы тақырыптары қаралады.

Конференция кәсіби қауымдастық пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып саналады. Шара қорытындысы бойынша егде жастағы азаматтарға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік қызмет сапасын жақсартуға қатысты нақты ұсынымдар қабылданады деп күтілуде.