Астанада «Eurasian Book Fair-2023» кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр

19 Сәуір 2023, 19:22 2094

Астанада «Eurasian Book Fair-2023» VI Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесі басталды. Көрмеде отандық және шетелдік баспалар оқырмандарға туындыларын таныстырып, таратып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Астаналық тұрғындарға басылымдарын ұсынуға келген баспалардың бірі – Алматыкітап. Аталмыш баспасының президенті Гаухар Саймасаева ел арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, насихаттау үшін жәрмеңкелерді жиі өткізіп тұру қажет деп есептейді.

Бүгінгі көрмені өткізуге қаншама жерден түрлі баспалар келді. Әсіресе шетелдік кәсіпорындардың мұндай шараға қатысуы қазақстандық баспалармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Гаухар Саймасаеваның айтуынша, алдағы 5 күн бойы өтетін кітап көрмесінде баспаның идеясы негізінде шығарылған бір кітаптың тұсаукесері өтпек.

Біздің баспа үнемі халықаралық көрмелерге қатысып тұрады. Былтыр Франкфуртте өткен жәрмеңкеде «Рождество» туралы жүздеген кітаптың сатылып тұрғанын көрдік. Сол кезде «Неге бізде Наурыз туралы кітап жоқ?» деген ой келді. Сөйтіп, Наурыз туралы сандық бейнесіндегі кітапты басып шығардық. Бұл басылымның тұсаукесері Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесінде 22 сәуір күні өтетін болады, - деді Гаухар Айтжанқызы.

Айта кетейік, «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты кітап қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарық көрді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: