Астанадағы «Капитоли» спорт залында елімізге танымал еркін күрес шеберлері Нұрлан Бекжанов пен Азамат Өміржанов елордалық жас спортшылармен кездесті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ерекше форматтағы дайындыққа 40-қа тарта өрен жиналды. Оның ішінде әртүрлі жас деңгейіндегі балалар мен жасөспірімдер бар. Олар ел мақтанышымен бірге дайындықты пысықтап, артынша көкейде жүрген сұрақтарын қойды.
Кешкі жаттығу барысында ардагерлер арасындағы еркін күрестен әлем чемпионатының жеңімпазы, еркін стильдегі қазақстандық балуан, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Нұрлан Бекжанов өзінің жас спортшыларға көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби карьерасы туралы сұрақтарға жауап берді.
«Капитоли» спорт залында күнделікті ересектер, 23 жасқа дейінгілер, жас балуандар бірге дайындалып, әрдайым 30-40 спортшы бір мезетте жаттығу жасайды.
2016 жылы Венгрия астанасы Будапеште өткен әлем чемпионатында еркін күрестен финалға шыққан алғашқы балуан атандым.
Осы уақытқа дейін ел намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғадым деп санаймын.
Бүгін осы күрестегі өткерген 20 жылдық тәжірибемді жас буынға көрсетуді жөн көрдім.
Оның ішінде төрт тағанда жасалатын түрлі әдістер, аяққа өту, қорғану, өзімнің сүйікті қолтықтың астына сүңгу т.б. көптеген айла-тәсілдер бар, - деді Н.Бекжанов.
Сондай-ақ шеберлік сағаты кезінде еркін күрес шебері, аға-жаттықтырушы Азамат Өміржанов елордалық жас спортшыларға дұрыс жаттығу, салмақты ұстау, тамақтану ережелерін айтып, алдағы жылдың жоспарларымен бөлісті.
Желтоқсан айының басында Қарағанды қаласындағы республикалық жарыста бақ сынаймыз. Келесі жылы ақпан айында ел біріншілігі Астанада өтеді. Одан кейін Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынатын додаларға қатысамыз. Басты мақсат – Париж Олимпиадасында жақсы нәтиже көрсету, - дейді еркін күрестен аға жаттықтырушысы А.Өміржанов.
Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта осындай үлгідегі жиындары тұрақты өткізуді жоспарланып отыр.
Жеңіс тынымсыз еңбекпен, шелектеп төгілген термен келетінін тілге тиек еткен еркін күрес балуаны Нұрлан Бекжанов шеберлік сабағы соңында жас спортшыларға сәттілік тіледі.