04.01.2026
15:17
444
Астанада еріктілер саны сегіз мыңнан асты

Астанада еріктілер саны сегіз мыңнан асты

Елордада волонтерлік қозғалыс жыл сайын кеңейіп, қоғамдағы маңызды күшке айналып келеді. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының мәліметінше, бүгінде Астанада 50-ге жуық волонтерлік ұйым тұрақты жұмыс істейді, ал ерікті болуға ниетті азаматтардың қатары, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында, айтарлықтай артқан, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Волонтерлік ұйымдардың жұмысын жүйелеу мақсатында 2019 жылы Қалалық волонтерлер штабы құрылған. Қазіргі таңда штаб 30 волонтерлік ұйыммен, 20 бастамашыл топпен және 4 үкіметтік емес ұйыммен бірлесіп жұмыс істейді. Штаб құрамында 8 мыңнан астам белсенді волонтер бар.

Елордада волонтерлер әлеуметтік, экологиялық және қоғамдық қауіпсіздік бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. BizBirgemiz, «Қауіпсіз қала», «Ардагерлерді ардақтайық», Taza Alem, Taza Qazaqstan, Stop Vandal, «Есірткісіз елорда» сынды акциялар аясында барлығы 1310 іс-шара өткізілген. Бұл жұмыстар барысында мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешек жеткізіліп, іздеу-құтқару және оқыту бағытында көмек көрсетілген.

Экология саласында да нәтижелі бастамалар бар. Taza Alem жобасы аясында 55 экосенбілік ұйымдастырылып, оның 25-і Есіл өзенінің жағалауын тазалауға арналды. Бұл шараларға 10 мыңнан астам волонтер мен 4 мың қала тұрғыны қатысқан. Сонымен қатар еріктілер 800 ағаш отырғызуға атсалысқан.

Волонтерлердің жас ерекшелігі де әртүрлі: «Астана жастары» қозғалысындағы еріктілердің орташа жасы 15–16 болса, Қалалық волонтерлер штабында бұл көрсеткіш 30 жас шамасында. 2025 жылы елордалық волонтерлер республикалық және халықаралық деңгейдегі 130-дан астам ірі іс-шараға, соның ішінде әлемдік жұлдыздардың концерттеріне қатысып, көптілді еріктілер ретінде ел имиджін көтеруге үлес қосты.

Мамандардың айтуынша, волонтерлік ақысыз атқарылғанымен, қоғамға тигізер пайдасы зор. Алдағы уақытта еріктілер еңбегін жүйелі түрде ынталандыру мен оның мәртебесін арттыру мәселесі өзекті бола бермек.