Астанада ерекше қажеттілігі бар балалар арасында шығармашылық байқау өтті

8 Сәуір 2023, 15:40 1633

Байқауға 80-ге жуық бала қатысты

Елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында «Біздің таланттар» республикалық байқауының қалалық іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Байқаудың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың талантын ашу. Республикалық байқаудың I (қалалық) іріктеу кезеңіне 80-ге жуық ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала қатысып, өз өнерлерін көрсетіп жатыр.

«Өнер байқауы осымен екінші рет өткізіліп жатыр. Оған 3 пен 10 жас аралығындағы балалар қатысуда. Олар сахнада ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетеді. Бастысы, әр бала назардан тыс қалмайды. Ал байқау соңында өнерпаздарға грамоталар мен сыйлықтар табыс етеміз», – деді Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің бас маманы Гүлшат Исинова.

Байқауға 3 пен 10 жас аралығындағы 80-ге жуық бала қатысып жатыр. Олар 6 номинация бойынша өнер көрсетеді. Олардың қатарында «Алтын дауыс», «Үздік декларатор», «Кішкентай биші», «Жаңа бастаған әртіс», «Оркестр» және «Бармағынан бал тамған» номинациялар бар.

Жалпы қазіргі уақытта Астанада ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу, интеграциялау және әлеуметтендіру мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Табысты әлеуметтену шартының бірі – баланың шығармашылықтың сүйікті түрімен айналысып, құрдастарымен қарым-қатынас жасаудың табиғи тәжірибесін және жағымды әсерін алуы. Сондықтан қазіргі заманғы арнайы білім беру жүйесінің басым бағыты – жас ұрпақтың бойында шығармашыл тұлғаны дамыту. Психологиялық тұрғыдан алғанда, мектеп жасына дейінгі балалық шақ – шығармашылық қабілеттің дамуына қолайлы жағдай жасау. Бұл жаста балалар өте ізденімпаз, олардың айналадағы әлемді білуге деген құлшынысы орасан.

 

EL.KZ
Бөлісу: