Астанада ер адамды көлігімен сүйреп өлтірген әйел сотта ақталды

24 Тамыз 2023, 15:38 1937

Елорда тұрғыны абайсызда адамды өлтіріп алғаны үшін ақталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, жәбірленуші ер адам Н. сотталушы әйел О.-ны сағат 23.00 шамасында үйінің жанында күтіп тұрған. Кездесу барысында, көлікке отырғаннан кейін ер адам қарым-қатынасты одан әрі жалғастыра беруді ұсынған. Әйел одан бас тартқаннан кейін Н. оның ұялы телефондарының бірін тартып алған. Кейін ер адам сағат 05.23 шамасында оның үйіне оралуын күтіп, көлігінің алдына жүгіріп шыққан және тоқтауға мәжбүрлеген. Осы жерде Н. оның үйге кеш оралғанын айтып жанжал шығарған және көліктің есігін ашуды талап еткен. Бұдан соң ол балағат сөздер айтып, О.-ны мойнынан тұншықтыра бастаған.

Осы уақытта әйел өзінің өмірі мен денсаулығы үшін алаңдап, түнде адам жүрмейтін жерде ешкімнен көмек сұрауға мүмкіндігі болмағандықтан, Н.-ның автокөліктің алдында емес, сол жағында тұрғанын ескеріп, көлікпен жүріп кеткен.

Өз кезегінде ер адам өзінің заңсыз әрекеттерін жалғастырып, көліктің жүргізуші жағындағы төмен түсірілген әйнегінен екі қолымен мықтап ұстап алған.

Әйел көлігін тоқтатпай, қозғалысты жалғастырған, ал ер адам көлікке ілінген күйі сүйретілген. Кейін өзін-өзі ұстай алмай, асфальтқа құлап, алған дене жарақатынан көз жұмған.

Қылмыстық кодекске сәйкес, қорғану әрекеті қажетті шектен асып кеткен жағдайда, ол қасақана іс-әрекет ретінде сипатталады.

«Апелляциялық алқа О. бұл жағдайда Н.-ның денсаулығына ауыр зиян келтіру ниетінде емес, тек қажетті қорғаныс мақсатында әрекет етті деген тұжырым жасады. Ол тек өзінің өмірі мен денсаулығына қол сұғуға жол бермеуге тырысқан. Іс қорытындысы бойынша Қылмыстық кодексінің 112-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтау үкімі шығарылды», - деп хабарлады соттан.

Равиль Ашығали
Бөлісу: