Елордада вандализм актілерімен және қоғамдық тәртіпті бұзушылармен күрес жалғасуда. Кезекті вандалдар табылып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Таңертең Орынбор көшесі, 9 мекенжайы бойынша 41 жастағы азамат бейнебақылау камерасына қасақана зақым келтірді. Астананың әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі бойынша ер адам кінәлі деп танылып, 73 840 теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.
Осындай жағдай 23 наурызда сағат 9:20-да болды. Мәселен, 33 жастағы азамат мас күйінде, "Азия Сити" СҮ бойынша Абылайхан даңғылы, 27/3-те төлемдерді қабылдау терминалын теуіп жіберіп, зақымдады. Құқық бұзушы 5 тәулікке қамауға алынды.
Жыл басынан бері сот бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы пайдалану орындарын ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды қорлағаны үшін 90-ға жуық адам жаза алды. Барлық құқықбұзушылар жауапқа тартылды.
Айта кетсек, Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, ҮЕҰ өкілдері, қала тұрғындары қолдаған "Тоқта, вандал" акциясы жалғасуда. Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау және қала мүлкіне ұқыпты қарау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Акцияның мақсаты - вандализмнің кез келген көрінісін болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау. Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.