Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды акция аясында дәстүрлі экологиялық айлық өтіп жатыр. 13 қыркүйекте басталған тазалық іс-шарасы 11 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
27 қыркүйекте экологиялық аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Оған 20 мыңнан астам тұрғын, 1,7 мыңнан астам кәсіпорын, ұйым және мекеме, сондай-ақ 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілік барысында Астанада ауқымды жұмыс атқарылды: 15 мыңнан астам аула тазартылды, 77 саябақ пен сквер қамтылды, 15 тарихи-мәдени мұра нысаны ретке келтірілді, шамамен 1 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сонымен қатар тас төсеніштер мен тротуарлар жөнделіп, 800-ден астам ағаш отырғызылды. 195 әлеуметтік нысанда – мектептерде, балабақшаларда, спорттық және медициналық мекемелерде, әлеуметтік қорғау нысандарында және 1 355 өнеркәсіптік әрі бизнес нысандарында жұмыс жүргізілді.
Экоакция аясында қалада санитарлық тазарту, нөсер және арық желілерін жуу, көшелер мен тротуарларды, аула аумақтарын тазалау жұмысы өткізілді. Сондай-ақ аулаларды абаттандыру, балалар ойын және спорт алаңдарын орнату, қоғамдық кеңістіктерде кеспетастар, жиектастар мен шағын сәулеттік нысандарды қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Сонымен бірге жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды тазарту, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою және өзге де маусымдық агротехникалық жұмыстар жалғасуда.
Экоакцияның негізгі мақсаты – қала көшелеріндегі тазалықты сақтауға қоғамның назарын аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.