Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қалай және қайда өтеді

24 Шілде, 11:17 791

8-13 қыркүйек аралығында Астанада этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық спорттық жарыстар – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден екі мыңнан астам адам қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, ойындар үш бағыт, яғни спорт, мәдениет және ғылым бойынша өтеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының инфрақұрылымына елордалық 6 нысан кірді: «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Алау» Мұз айдыны сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені, «Думан» кешені.

«Қазанат» ипподромында және Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстармен аң аулаудың ұлттық түрлері бойынша жарыстар, сондай-ақ ат жарыстары өтеді. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдыны сарайында ұлттық күрес, жекпе-жек және халық ойындары бойынша жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар өтеді. «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасатын болады.

Ойындардың ғылыми бағдарламасының іс-шаралары ҚР Ұлттық музейінде өтеді.

Оңтүстік-батыс жағынан «Қазанат» ипподромына іргелес 10 га аумақта орналасқан «Көшпенділер әлемі» этноауылы ВИК мәдени бағдарламасын іске асыру үшін басты алаң болады, сондай-ақ мәдени бағдарлама шеңберіндегі іс-шаралар Астананың түрлі алаңдарында (алаңдар, саябақтар, скверлер, басқа да қоғамдық кеңістіктер, театрлар, Концерт залдары, кинотеатрлар, мұражайлар, көрме павильондары және т.б.) өтеді.

Спорттық бағдарлама жарыстарды спорттың 21 түрінен қамтиды. Оның ішінде:

* Асық ату
* Ордо
* Арқан тартыс
* Бәйге
* Көкпар
* Аударыспақ
* Теңге ілу
* Қазақ күресі
* Ашыртмалы аба гүреши
* Кореш (белбеу татар күресі)
* Көкборуу
* Алыш
* Мас-рестлинг
* Powerful nomad (алыптар сайысы)
* Тоғызқұмалақ (тоғызқорғұл)
* Мангала
* Овари
* Жамбы ату
* Дәстүрлі садақ ату
* Құсбегілік
* Құраш (өзбек күресі)

Ойындарда 100-ге жуық медаль жиынтығы ойнатылады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: