Ұлттық домбыра күніне орай елордада ерекше шара өтті. “PERNE” ұлттық домбыра орталығы ұйымдастырған Dombyra PARTY кешінде 120-ға жуық домбырашы бір мезетте қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, көрермендер қошеметіне бөленді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аталмыш орталық бұл шараны биыл бесінші рет ұйымдастырып отыр.
Шара ұлттық өнерді насихаттау және жас ұрпаққа домбыраның қадір-қасиетін жеткізу мақсатында өтті. PERNE орталығының мәліметінше, соңғы 7 жылда 6000-ға жуық оқушыға домбыра өнерін үйретіп, Қазақстаннан тыс елдерге де бұл ұлттық аспапты таныстырып келеді.
Dombyra PARTY жобасының идея авторы әрі “PERNE” орталығының жетекшісі Лейла Нығметова бұл күннің маңызына ерекше тоқталды.
“Ұлттық домбыра күні – біз үшін үлкен мереке. Жыл сайын осы күнге арнайы дайындалып, оқушыларымызбен бірге ерекше форматта атап өтеміз. Біздің басты мақсатымыз – қазақтың қара домбырасын кәсіби деңгейде дамытып, ұлт рухын жас буынға жеткізу”, – деді Лейла Нығметова.
PERNE ұлттық домбыра орталығында 8 жастан 60 жасқа дейінгі әртүрлі жастағы өнерпаздар домбыра үйренеді.
Шараға қатысушылар тек Астананың өзінен ғана емес, Қоянды, Қорғалжын, Малиновка сияқты елді мекендерден де келген. Домбырашылар кеш барысында “Батырлар жорығы” секілді танымал күйлерді орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
“Біз бұл мерекені ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіргіміз келеді. Домбыра – тек аспап емес, ол – халқымыздың тарихы мен рухын сақтап тұрған киелі мұра”, – дейді орталық жетекшісі.
PERNE ұлттық домбыра орталығының шәкірті Гүлмира Сүлейменова үшін ұлттық домбыра күні – жүрекке жақын әрі ерекше мереке. Ол орталықта бір жыл бойы домбыра үйреніп жүр және өнердің бұл түрін жас ұрпаққа үлгі боларлық құндылық деп есептейді.
“PERNE орталығына келгелі бір жылдай болды. Осы уақыт ішінде отыздан аса күй үйрендім. Домбыраға деген қызығушылығым кейінгі уақытта арта түсті. Әлеуметтік желіде көп уақыт жоғалтып жүргенімді түсініп, соның орнына домбыра үйренуге бел будым. Бұл – маған рухани тыныштық пен шабыт сыйлайтын өнер”, – дейді Гүлмира Сүлейменова.
Ол өнерге жақын шығармашылық отбасында тәрбиеленген. Сондықтан да домбыраны киелі аспап ретінде қабылдайтынын айтады. Гүлмираның айтуынша, PERNE орталығы домбыраны өте жеңіл әрі қолжетімді әдіспен үйретеді. Ұстаздары талапшыл, бірақ түсінікті тілмен білім береді.
Қазіргі таңда Гүлмира Сүлейменова күніне кемінде үш сағат уақытын домбыраға арнайды. Үйренген күйлерінің қатарында “Ерке сылқым”, “Адай”, “Балбырауын”, “Желдірме”, тағы басқа күйлер бар.
46 жастағы Гүлмира Сүлейменова алдағы уақытта да домбыра өнерін жалғастырып, жастарға үлгі болуға ниетті екенін жеткізді.
Орталық өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау жоспарланып отыр.