Астанада бокстан жасөспірімдер арасында турнир өтіп жатыр

26 Қыркүйек, 18:31 361

Астанада бокстан 2009-2010 жылғы жасөспірімдер арасында ашық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

26-28 қыркүйек күндері «Ұлытау» спорт кешенінде жасөспірімдер атақты, ағайынды Манашевтардың жүлдесі үшін жұдырықтасады.

Осы орайда турнирдің ашылу салтанатына ағайынды Манашевтар, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, Сидней Олимпиадасының қатысушысы Нұржан Кәрімжанов, ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, «Қазақстандық спортшылар одағы» РҚБ төрағасы Азамат Қарлығашев арнайы қатысты.

Үш ағайынды – Қайрат, Жанат, Марат Манашевтардың отандық боксты дамытудағы үлестері зор. КСРО-ның спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары деген атақтары бар. Жаттықтырушы ретінде олар спортшыларымызды Олимпиадаға да апарды. Мерей Ақшалов, Валентина Хальзова сынды әлем чемпиондарын тәрбиеледі.
Бұл турнир елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Жарыстың көп болуы жасөспірімдердің де тәжірибесін арттырады. «Спорттағы достық – өмірлік достық» демекші, қазірден бастап әр облыстың жасөспірімдері бір-бірімен араласа бергенін дұрыс деп санаймын. Алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарымыз бар, - деді жарыс ұйымдастырушысы Рахат Манашев.

Айта кетейік, үш күнге жалғасатын бәсекеде Ақмола, СҚО, Қостанай облысы, Астана қаласынан келген 180-ге жуық спортшы 7 салмақта бақ сынайды.

 
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: