Астанада бірқатар көшенің атауы өзгереді

19 Қаңтар 2023, 11:34 1262

Елордада көшелеріне қоғам қайраткерлері мен жазушылардың есімі беріледі

Бұл туралы қалалық Тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Бүгін Астананың кейбір көшелеріне атау беру және олардың атын өзгерту ұсыныстарын талқыға саламыз.

Атап айтқанда, А-23 жобалық көшеге Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгері, майдангер жазушы, білікті журналист Әскер Нәбиевтің атын беру,

А-24 жобалық көшеге – Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленовтың атын беру,

Е-12 жобалық көшеге – қазақтың қаһарман қызы, Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың есімін беру,

Е-20 жобалық көшеге – әйгілі академик, ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шапық Шөкиннің есімін беру,

Е-753 жобалық көшеге – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, дәрігер, ғалым, профессор Санжар Асфендияровтың есімін беру,

№187 жобалық көшеге – балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақтаевтың атын беру,

№189 жобалық көшеге – қазақ даласынан шығып, Мысыр елінде 17 жыл мәмлүктерді басқарған Бейбарыс Сұлтанның есімін беру», - деді Сәкен Есіркеп қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.

Сонымен бірге №23-16 көше мен Мағжан Жұмабаев даңғылын біріктіріп, Мағжан Жұмабаев даңғылы деп қайта атау көзделіп отыр.

«Оң жағалаудағы ескі Мәншүк Мәметова көшесіне Іле өзені бойындағы 17-18 ғасырдағы ортағасырлық қаланың аты «Қарамерген» деген атты ұсынып отырмыз.

Бұқар жырау көшесіне яғни, Ботаникалық бақтан Mega Silkway сауда-ойын-сауық орталығына дейін жалғасқан Сауран көшесінің қысқа бөлігін Гейдар Әлиевтің есімімен атау жоспарланған», - деді спикер.

Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты толық қолдады.

EL.KZ
Бөлісу: