Астана қаласында 27 қазан күні «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Бас редакторлар форумы» атты республикалық журналистер форумы өтеді, деп хабарлайды El.kz.
Форумға еліміздің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдардың жетекшілері, отандық БАҚ-тың бас редакторлары мен журналистика бөлімінің студенттері қатысады.
Жиында Дәстүрлі және жаңа медианың серіктестігі мен бәсекелестігі, аймақтық БАҚ: бүгіні мен болашағы, журналистер арасындағы медиасауаттылық мәселелері қозғалады.
Биыл «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 15 жыл. «Бас редакторлар Клубы» – 2007 жылғы қазан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан, құрамына Қазақстанның 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен жетекшілері кіретін ерікті қоғамдық бірлестік. Бас редакторлар клубының негізгі мақсаты – мемлекетте шығармашылық атмосферасын нығайту, бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті нығайту, қоғамда ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту.