05.09.2025
00:18
530
Астанада азот тотығын заңсыз пайдалану фактілері тоқтатылды

Астанада азот тотығын заңсыз пайдалану фактілері тоқтатылды

Нашақорлықтың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды жүзеге асыру мақсатында елорда прокуратурасының бастамасымен полицейлер 15 ойын-сауық мекемесінде рейдтік іс-шаралар жүргізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шаралар барысында 7 баллон азот тотығы және 14 пакет шариктер (азот тотығымен дем алу үшін пайдаланылады) тәркіленді. 4 адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабы бойынша 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Астана прокуратурасы нашақорлық және күшті әсер ететін заттардың заңсыз қолданылу фактілерін анықтау мен алдын алу тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын, бұл жұмыс қадағалаушы органның ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Айта кетсек, азот тотығы есірткі затына жатпайды, алайда ол күшті әсер ететін заттарға жатады. Оны медициналық мақсатта емес қолданғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.