Астанада Азия Паралимпиадалық комитетінің Конференциясы басталды

Астанада Азия Паралимпиадалық комитетінің Конференциясы басталды

Елордада Азия Паралимпиадалық комитетінің (АПК) Конференциясы және 8-Бас Ассамблеясы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мұндай ауқымды іс-шара тарихта алғаш рет тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда ұйымдастырылып отыр. Форумға 45 елден 190-нан астам делегат келген. Іс-шараны туризм және спорт министрлігінің, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарының қолдауымен Азия Паралимпиадалық комитеті мен Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті бірлесіп өткізуде. 

Паралимпиадалық қозғалыстың және негізгі ұйымдардың басшыларын қабылдау – Қазақстан үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Мемлекет басшысының паралимпиадалық спорт пен тең мүмкіндік қағидаттарын дамытуға айрықша назар аударып, жүйелі түрде қолдау көрсетуінің арқасында бүгінгідей ауқымды халықаралық іс-шараны өткізіп отырмыз. Біз Қазақстанды инклюзивті спорттың аймақтық орталығына айналдыруға және әр спортшының өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауға ұмтыламыз, - деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов. 

Министрдің айтуынша, Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті 2002 жылы құрылған сәттен бері 19 паралимпиадалық спорт түрін белсенді дамытып, жыл сайын 800-ден астам жарыс өткізіп келеді. Сондай-ақ отандық спортшылардың 80-нен астам халықаралық турнирге, соның ішінде ең ірі әлемдік додаларға қатысуын қамтамасыз етіп келеді.

Конференция мен Ассамблеяның құрметті қонақтары қатарында АПК президенті Маджид Рашед, Халықаралық Паралимпиадалық комитеттің (IPC) президенті Эндрю Парсонс, ұлттық паралимпиадалық комитеттердің басшылары, халықаралық федерациялардың өкілдері және сарапшылар бар. Форумның іскерлік бағдарламасына Ұлттық паралимпиадалық комитеттерде басқаруды жетілдіру, жастар мен әйелдердің пара спортқа қатысуын арттыру, қолжетімді спорт жіктемесі мен технологиясына инновация енгізу, сондай-ақ Азия Пара ойындары сияқты ірі халықаралық жарыстарға дайындық мәселелері енген.