Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының музейі ашылды

14 Мамыр 2019, 18:00 6221

Нұр-Сұлтан қаласының №22 мектеп-гимназиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының музейі ашылды.

Музейдің ашылуына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов пен ҚХА «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев қатысты.

Іс-шараның бастамасында қонақтарға мектепішілік қазақ халқының этноауыл бұрышы таныстырылды. Онда киіз үй, тұрмыстық бұйымдар, ұлттық тағамдар қойылған. 

Іс-шараның былай басталуы тегін емес. Өйткені көпұлтты еліміздің татулығына кепіл болған – қазақ халқы. Осыған орай Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық киімін киген оқушылар «Достық шаңырағы» деп аталатын театрландырылған қойылым көрсетті. Онда әр ұлттың балалары қазақ тілінде ән шырқап, достықтың киелі мекені болған қара шаңырақтағы ұлттардың жарасымдығын паш етті.

Келесі бөлімде «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» әдеби-музыкалық композициясын мектеп ұжымы сахна төрінде қойды. Онда депортация жылдарында түрлі ұлттар жер аударылып келгендегі азапты күндерінде қамқоршылық танытып, бауырларына туғанындай басқан қазақтардың қайырымдылығы мен халықтардың бүгінде тату-тәтті өмір сүріп отырғандығы бейнеленді. Татулықтың нышаны мен ұлттардың жарасымдығы ретінде украин, кавказ, корей, неміс ұлтының ән-биі орындалды.

Осы орайда ҚХА Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов: «Бұл бастамалардың барлығы мектепте қоғамдық негізде ұйымдастырылып жатқаны – көңілге қуаныш ұялатады. Түрлі ұлттардың ән-биінен құрылған қойылымдар мектептің басты стратегиясы - ұлтаралық татулықты қолдау екенін байқатады. Қазақстанда тұрып жатқан халықтар бір-бірін түсініп, өзара жағымды қарым-қатынаста өмір сүруде. Біздің басты байлығымыз – бірлігіміз. Ұлтымыз түрлі болса да, барлығымыз біріккенде – бір халықпыз. Халықтар арасындағы бірлік пен достықтың шаңырағы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мақсатты басшылыққа алды», – деп, ризашылығын білдірді.

Айта кетерлігі, №22 мектеп-гимназиясы «Жарасым» РЖҰ тұрақты байланыс орнықтырған. Ол туралы қозғалыс төрағасы Тимур Жұмырбаев өз сөзінде: «Бұл мектептің мен үшін орны бөлек. Келген сайын қуаттанып қайтамын. Сонымен қатар бұл мектеп ҚХА филиалын құрған тұңғыш әрі жалғыз мектеп және «Жарасым» республикалық жастар ұйымының филиалы да Нұр-Сұлтан қаласы бойынша осы мектепте ғана ашылған. Сол себепті музей ашып отырған жөніміз бар. Халықтардың достығы берік орнаған мектеп оқушыларына табыс тілеймін!», – деді.   

 

Іс-шара мектепішілік Қазақстан халқы Ассамблеясы алаңында музейдің ашылу салтанатымен аяқталды. ҚХА Төрағасының орынбасары Ш. Пулатов құттықтау сөз сөйлеп, музейге құнды кітаптарды сыйға тартты.

 

Танымды тұсы музейде QR-код арқылы Ассамблеяға қатысты бейнероликтерді көру мүмкіндігі қарастырылған.

Өз кезегінде мектеп дирекоры Ботагөз Жүнісова музейге қойылған мектеп ұжымының этностарға қатысты шығарған жазбаларымен таныстырып өтті. 

№22 мектеп-гимназиясы 1992 жылдың 1 тамызында ашылды. Биылғы оқу жылында әртүрлі өкілдерден тұратын 3556 мың оқушы білім алады. Аталған мектеп Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚХА филиалы құрылған жалғыз мектеп. 

Мақалаға қатысты фотоальбомды мына жерден көруге болады.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: