Қазақстан халқы Ассамблеясының «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы елордалық Достық үйінде жұмыс істейді.
Орталықтың ашылуына орай ұйымдастырылған іс-шараға елордалық ассамблеяның этномәдени және жастар бірлестіктерінің басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Меценаттар клубының мүшелері мен қаланың қайырымдылық қорларының өкілдері қатысты.
Кездесу аясында Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова қатысушыларды қайырымдылық ісіндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтады.
Астаналық Қазақстан халқы ассамблеясы басшысының орынбасары Елбасы – ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Ассамблеяға Меценаттар қауымдастығының бас үйлестірушісінің рөлі бекітілгенін атап өтті.
«Ассамблея – бұл қала бойынша қайырымдылық қызметтің үйлестіруші органы. Біз қайырымдылықпен айналысатын барлық ұйымдармен ынтымақтастықта жұмыс істейтін боламыз», – деді спикер.
Сонымен қатар әрбір адамның діни наным-сеніміне қарамастан игі іс жасауға деген борышы туралы «Ырыскелді қажы» мешітінің имамы Яхия қажы Исмаилов айтып өтті.
Ал Қазақстан Республикасының «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының мәдениетін дамыту Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Басқарма мүшесі Юсуп Келигов Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясы базасында қайырымдылық қызметін бекіту туралы бастамасының маңыздылығын атады.
Бүгін, спикердің айтуынша, Ассамблеяның «Қайырымдылық керуені» жобасы тұрақтылық тауып, оған «Парасат» орталығының ашылуы себеп болды.
Кездесу барысында басқа да қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
Іс-шара соңында қайырымдылық көмек көрсетіп жүрген меценаттар Алғыс хаттармен марапатталды.
Ләззат Құсайынованың сөзінше, бұл адамдар қайырымдылық көмек көрсету арқылы «өз жандарының жомарттығымен бөлісіп» жүрген адамдар.
Сонымен қатар «Дустлик» Қазақстан Республикасы өзбектер қауымдастығы төрағасының орынбасары, кәсіпкер және меценат Хасан Шәріпов, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіпкер және меценат Башир Солсанов, Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі Роза Құрашева, кәсіпкер және меценаттар Даут Генхузов пен Ырза Тұрсынзада қалалық ассамблея Хатшылығының меңгерушісінің қолынан Құрмет грамотасын алды.
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.