Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

30 Қыркүйек 2023, 13:53 823

Бүгін Астанада Қостанай мен Ақтөбе облыстарының шаруалары ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Жәрмеңке әдеттегідей Тәуелсіздік даңғылындағы ҚазҰӨУ алдындағы алаңда ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін Қостанай облысының 14 ауданынан және 3 қаласынан Алтынсарин, Әулиекөл, Денисов, Жітіқара, Қарабалық, Қарасу, Қамысты, Қостанай, Меңдіқара, Науырзым, Сарыкөл, Таранов, Федоров, Ұзынкөл аудандары мен Арқалық, Рудный, Қостанай қалаларынан 50-ден астам кәсіпорын сатып жатыр. 

Облыс кәсіпорындары 400 тонна көлемінде 100-ден астам өнім түрін сатуды жоспарлаған. Оның ішінде мал еті – 51 тонна, сүт өнімдері – 35, шұжық өнімдері мен ет жартылай фабрикаттары – 23, жарма мен макарон өнімдері – 30, картоп пен көкөніс – 70, ұн – 50, сондай-ақ нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, сусындар, бал және т.б.

Жәрмеңкеде бренді бүкіл республика бойынша және одан тыс жерлерде танымал сүт және ет кәсіпорындары бар. Сонымен қатар, жәрмеңкеге Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының 12 ауданынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші шаруалар мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысуда. 

Елорда қонақтары мен тұрғындарына мынадай өнімдер ұсынып отыр. 80 тонна ет, 61 тонна картоп пен көкөніс, 30 тонна сүт өнімдері, 17 мың жұмыртқа, 6 тонна балық, бір тонна бал, 10 тонна шұжық өнімдері, 8 тонна ұн мен макарон өнімдері.

Айта кететін жайт, жәрмеңкедегі барлық өнімдер нарықтық бағадан арзан сатылады.

Асқар Таудай
Бөлісу: