Астанада Асқар Забикулиннің есіміне көше беріледі

1 Желтоқсан 2022, 20:38 1513

Ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есіміне көше беру туралы шешім қабылданды

Қаза болған астаналық өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі қандай көшеге берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қала әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, бүгін Астана ономастика комиссиясының отырысы өтті. Оның барысында адамдарды құтқарып, ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімін Есіл ауданында («Үркер» тұрғын алабы) орналасқан Е-583 көшесіне беру туралы шешім қабылданды. Осы Есіл ауданында өрт сөндіруші Саят Абеев пен гранатаны кеудесімен жауып, террористі залалсыздандырған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімімен аталған көшелер бар екенін айта кетейік.

Сондай-ақ ономастика комиссиясы Асқар Забикулин қызмет еткен №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне оның есімін беріп, мекеме алдына бюст орнатуды ұсынды. Бұдан бөлек, өрт сөндірушінің естелік суретін Астана қаласының А.Пушкин көшесінде орналасқан «Құтқарушылар саябағындағы» ақпарат тақтасына орналастыру шешімі қабылданды. Бұл саябақта қайтыс болған құтқарушыларды еске алуға арналған ақпарат тақтасы орналастырылған.

Қаланың ономастика комиссиясының отырысында қаралған ұсыныстар енді Астана мәслихатының тұрақты комиссияларының жария тыңдауына, Астана қоғамдық кеңесінің қарауына жіберіледі.

Бұған дейін құтқарушы Асқар Забикулиннің отбасына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш бөлмелі пәтердің кілті табысталған болатын. Пәтер Асқардың жұбайына жеке меншікке берілді. Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта пәтерде әрлеу және одан әрі жиһазбен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құтқарушы Аян Кемпіровтің отбасына ипотеканы өтеуге көмек көрсетілді. Оның сомасы 24 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтің отбасыларына 6 миллион теңге сомасына несиелер өтелді.

EL.KZ
Бөлісу: