Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздегі ең танымал зияткерлік сайыстардың бірі – «Aqyl Battle CUP» финалы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Зияткерлік сайыс «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында 14-35-ке толған жастар арасында ұйымдастырылған.
Жоба мақсаты – жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, шығармашылық пен зияткерлік дамуға жол ашу.
Министрлік мәліметінше, облыстарда сайыстың іріктеу кезеңіне 1500 адам қатысты. Ал финалға 23 команда жолдама алды.
Білім додасына биыл алғаш рет Өзбекстан Республикасының ең танымал «Zakovat» зияткерлік ұйымынан «Зиялы жастар» командасы да қатысып, қазақ тілінде білімін сынады. Нәтижесінде бас жүлдені Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңіп алды. Бірінші орын Қызылорда облысының ойыншыларына, екінші орын ақмолалықтарға бұйырды. Ал қола кубокты Атырау облысының зияткерлері еншіледі.