Астанада аналарға арналған мерекелік концерт өтті

8 Наурыз, 15:08 959

Астанадағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік кеш өтті, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің ресми сайты таратқан мәлімет бойынша, Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Әлемнің жарығы» деген атаумен өткен кешке елордалық медициналық-әлеуметтік сала қызметкерлері, ұстаздар, еңбек ардагерлері, көпбалалы аналар, әскери қызметшілер мен комуналдық қызметте жүрген жандар қатысты.

Мыңнан аса көрермен жиналған мерекелік жиында қазақ эстрадасы мен дәстүрлі ән өнерінің белгілі өкілдері ән мен жырдан шашу шашты.

Концерт барысында тек ән мен жыр емес, қазақ даласында ғұмыр кешкен, сонау Ұмай анадан бастап, Домалақ ана, Марау ана, Жұпар ана, Қарашаш ана, Қыз Данай, Бопай ханым, Айғаным шеше, Қарқабат ана сияқты адамзат үшін, ұлт үшін еткен еңбегі ерен ғажап аналардың есімдері аталып, олар, туралы толымды мағлұматтар берілді.

Мәселен, осы тұлғалардан бөлек, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш дәрігер қыз Гүлсім Асфендиярова, алғаш мектеп ашып, бала оқытқан хан Жәңгірдің ұрпағы Құсни-Жамал Нұралыханқызы, әйел журналистердің қарлығашы Нәзипа Құлжанова, тағы басқа да қаракөздеріміздің аттары тарих беті мен халық жадында мәңгі сақталып қалған айтулы арулардың есімдері мен ел үшін еткен еңбектері аталып өтті.

Концертте қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Жұбаныш Жексен мен ұлы Абик Жексен, Ардақ Балажанова, Мадина Сәдуақасова, Дастан Оразбековтердің шырқаған әндері мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі орындаған туындылар арулар мерекесіне естен кетпес шаттық тарту етті.

Одан бөлек жастардың ықыласына бөленіп жүрген Қазбек Құрайыш, Тұрар, Олжас Құрманбек, Рамина Сатыбалды мен Астана Опера балалар хоры, Аян Байжігіт, Бағжан Октябр, Ayree секілді жас өнерпаздардың өнері келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Кеш соңында концерттің ұйымдастырушысы Астана қаласы әкімдігінің ықылас гүлі тарту етілді.

Концерт барлық өнерпаздармен бірге көрермендер қосыла шырқаған Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі «Ана туралы жыр» әнімен қорытыланды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: