11.05.2025
12:00
1127
Астанада AnaFEST отбасылық фестивалі өтіп жатыр

Астанада AnaFEST отбасылық фестивалі өтіп жатыр

Бүгін Астанада Аналар күніне орай AnaFEST атты кең ауқымды отбасылық фестиваль өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Қазақстанда Аналар күні мамырдың екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Фестивальдің мақсаты – аналардың қоғам мен отбасындағы рөлін дәріптеу, олар үшін шабыттандыратын әрі сергек орта қалыптастыру. Қатысушылар түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, пайдалы ақпарат алып, жаңа тәжірибе жинақтай алады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, елімізде Аналар күні биыл екінші рет тойланып отыр, ал AnaFEST фестивалі алғаш рет ұйымдастырылған.

Мемлекеттің басты мақсаты – әр отбасының әл-ауқатын арттыру, өскелең ұрпақтың дамуына қолайлы жағдай жасау. AnaFEST – осындай әлеуметтік жобалардың бірі. Мұндай фестивалді өткізу жыл сайын дәстүрге айналады деп сенемін, – деді Қайрат Қамбаров.

Сурет: Ажар Лаубаева

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Айша Құрманғалиқызы да аналардың қоғамдағы ерекше орнын атап өтті.

Ана – адамзатқа берілген ерекше сый. Біз аналарды дәріптеу арқылы отбасылық құндылықтарды нығайтамыз. Бүгінде Аналар кеңесі бала тәрбиесі, аналардың рөлін арттыру бағытында көптеген жобалар жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы. Сонымен қатар Аналар кеңесі қоғамдағы лудомания, зорлық-зомбылық, маскүнемдік, нашақорлық деген секілді кеселдермен күресті қолға алды, – деді ол.

Сурет: Ажар Лаубаева

Фестиваль аясында концерттер, сән көрсетілімі, шеберлік сабақтары, балалар мен ата-аналарға арналған интерактивті аймақтар ұйымдастырылған. Сондай-ақ келушілер тәжірибелі мамандар мен дәрігерлерден кеңес ала алатын арнайы алаңдарға қатыса алады.