Елордада ұлттық ойындарды қолдау мақсатында алыптар жарысы ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорданың 25 жылдығына орай, қалалық «Толағай» алыптар сайысы ашық турнирі өтеді. Ұлы даланың батырларын насихаттауда, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өтетін турнирге білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай 18 жастан асқан қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Турнирдің өтетін жері – Орталық саябақтың автотұрағы. Шараның ашылу салтанаты 6 шілде күні сағат 16:00-де болады. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 миллион теңге, - деді Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Кәрбозов қалалық орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, спикер басқа да ірілі-ұсақты спорттық шаралардың өтетіндігін айтты.
9 шілде күні Амфитеатр алдында «Қажымұқан жолы» мәдени-спорттық жобасы, 9 және 19 шілде күндері «Astana zhuldyzdary» халықаралық шахмат турнирі өтпек. Одан бөлек, қала күніне арналған балалар, жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасындағы шинкиокушинкай каратэден «Астана кубогы» республикалық турнирін өткізу жоспарда, - дейді ол.
Айта кетейік, былтыр алғаш рет елімізде мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы аясында Алматы облысында «Толағай» алыптар сайысы өткен болатын.