Астанада Алғыс айту күні телекөпір форматында өтті

1 Наурыз 2023, 12:23 1278

Астана қаласының Достық үйінде телекөпір форматында Алғыс айту күніне арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 40-қа жуық Достық үйлері онлайн форматта қосылып, барлығы 400-ден астам адам қатысты. 

"Бұл мерекенің жыл өткен сайын мәні мен мазмұны тереңдеп, салдары мен сипаты, құндылығы артып келеді. Мемлекет басшысы Алғыс айту күнін мерекелеудің форматын өзгерту қажет екенін айтқаны белгілі. Сондықтан бұл мереке тұтас қоғамның құндылығына, барша халықтың ортақ мерекесіне айналуы үшін ынтымақ, бірлік, келісіммен бірге айналамызда мейірім мен ізгіліктің салтанат құруы аса маңызды", - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құттықтау сөзінде. 

Ол Сыр өңіріндегі құрғақшылық, Қостанай облысындағы орман өрті мен Павлодар облысындағы техногенді апат сияқты төтенше және табиғи жағдайларда зардап шеккен халыққа көмек көрсеткен қазақстандық құтқарушылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтарға ризашылық білдіретінін айтып, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек еткен барша маман иелеріне құрмет көрсету керегін атады. 

Іс-шара барысында бірқатар азаматтар «Алғыс» медалімен марапатталды. Олардың құрамында Түркия еліндегі зілзаладан зардап шеккен адамдарға көмек көрсеткен құтқарушы да бар. 

Түркияда 12 күн болдық. Осы уақыт аралығында біздің топ үш адамды құтқарды. Басқа да тапсырмаларды толық орындадық. Мен құтқарушы болып 18 жылдай жұмыс істеп жатырмын. Бүгінгі Алғыс айту күнімен барлық әріптестерімді құттықтағым келеді, -  Астана қаласы бойынша ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Жанат Қаймерденов.  

 

EL.KZ
Бөлісу: